БҰҰ зерттеуі: Қазақстанда жеткіншектердің 21 пайызы интернетте кибербуллингке ұшырайды

Киберқылмысқа қарсы департаменттің мамандары күндіз-түні әлеуметтік желіні шолып отырады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде кибербуллингке көбіне қыз балалар ұшырайды екен. Мұндай деректі БҰҰ Балалар қоры зерттеу барысында анықтаған. Сауалнамаға қатысқан жеткіншектердің 21 пайызы әлеуметтік желіде қудалауға тап болып, зәбір көргенін айтыпты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жаһан қарқынды дамып, цифрлық әлемге еніп бара жатқан тұста Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры телефонға телмірген жастар арасында сауалнама өткізіпті. Жеткіншектердің цифрлық өміріне қатысты ауқымды зерттеу балалардың желіде түрлі қысымға тап болғанын анықтаған. Сұраққа жауап берген 1211 баланың 21 пайызы кибербуллингке ұшырағанын жасырмапты. 10 проценті интернетте танысқан адаммен кездескен. Ал 7 пайызына бәзбіреулер жыныстық сипаттағы материал жіберген. Әлеуметтік желідегі қудалауға көбіне 10 және 11 жастағы балалар тап болады.

«Зерттеуіміз бойынша, Қазақстанда балалар желіге алғаш 5 және 8 жас аралығында шығатыны белгілі болған. Зерттеуде атап өткендей 9 және 17 жастағы балалар қатысты. Кибербуллингқа көбінесе қыз балалардың ұшырайтыны белгілі болға», – деді ¤БҰҰ Балалар қорының балалардың онлайн қауіпсіздігі бойынша ұлттық сарапшысы Құндыз Тұрабай.

Еліміздің бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева бұл бағытта кешенді жүйе қалыптасқанын айтады. Сөзінше, ұлттық және аймақтық деңгейде балалар құқықтарын қорғау жүйесі жұмыс істейді. Қиын жағдайға тап болған, зорлық-зомбылық көріп, буллингке ұшыраған адам кез келген уақытта 111 нөміріне хабарласып, болмаса QR 111 жүйесі арқылы мамандарға жүгіне алады. 

«Тек соңғы 4 айда QR 111 жүйесі арқылы 26 мың бала көмек сұрап, мамандарға уайымын айтқан. Сонымен қатар балаларға қатысты буллингтің алдын алу, суицидтік мінез-құлықты болдырмау және көмек көрсетудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру үшін әр өңірде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істеп жатыр. Еліміздің барлық ауданында отбасын қолдау орталықтары бар. Мұның бәрі балалар мен отбасыларға кешенді қолдау көрсететін тұтас жүйе қалыптастырады», – деді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева.

Балаларды цифрлық кеңістікте қорғау ісінде Ішкі істер министрлігі шет қалмайды. Киберқылмысқа қарсы департаменттің мамандары күндіз-түні әлеуметтік желіні шолып отырады. Әдептен озып, жеткіншектерге жыныстық сипаттағы материал жіберетіндерге тұсау салады.

«Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау – мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі. Биыл Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандарға қатысты әдепсіз әрекеттер фактілері бойынша 45 қылмыстық іс қозғады. Олардың 22-сі сотқа жолданды. Сондай-ақ республика аумағында кәмелетке толмағандарға қатысты порнографиялық ақпаратты тарату бойынша 1 дерек тіркелген. Қазіргі уақытта бұл іс тергеліп жатыр», – деді ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аман Әубәкіров. 

Елімізде 6 миллион 900 мың бала бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры 9-12 жас аралығындағы жасөспірімдердің 60 пайыздан астамы интернетте өз аккаунтымен отыратынын айтады. Телефонның бесігінде тербелген балалардың 15 пайызы күн сайын интернетте жағымсыз контент көреді.

Сарапшылар бала желіге жұтылып, арам пиғылдылардың арбауына түсіп, түрлі қудалауға тап болып, зәбір көрмес үшін ата-аналармен мамандар жұмыла жұмыс істеуі керек екенін айтты. 

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Ысырап емес пе: мектеп бітірушілердің образы мен кеш шығындары қанша тұрады

 

Новости партнеров