Цифрландыру дәуіріндегі кітап: Алматыда баспа саласының мамандары бас қосты

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Кездесуде оқырман белсенділігіне ерекше назар аударылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы «Мың кітап» әдебиет үйінде баспа саласының мамандары мен БАҚ өкілдері бас қосқан кездесу өтті. Жиында оқырман талғамының өзгеруі және цифрландыру жағдайында Қазақстандағы баспа ісінің даму мәселесі сөз болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Талқылауға баспагерлер, жазушылар, Кітап палатасының өкілдері және кітап саудасы саласының мамандары қатысты. Қатысушылар саланың қазіргі жай-күйі мен негізгі үрдістерін саралады.

Кездесуде оқырман белсенділігіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар жекелеген кітаптарды насихаттаумен ғана шектелу жеткіліксіз екенін айтып, жалпы оқу мәдениетін қалыптастыруға жүйелі түрде мән беру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ қазақ тіліндегі кітаптардың таралымы мен сатылымы, баспалар арасындағы үйлесімді жұмыс мәселелері қозғалды. Жиында оқырман сұранысына да мән берілді.
Қатысушылардың айтуынша, бүгінгі таңда классикалық әдебиет, өзін-өзі дамытуға арналған кітаптар, әйелдер прозасы мен тарихи тақырыптағы еңбектерге сұраныс жоғары.

Жиында мектеп жасынан-ақ оқуға деген қызығушылықты қалыптастыру, баспалардың оқушылармен тікелей жұмысын күшейту және білім беру бағдарламаларындағы әдебиеттерді кеңейту жөнінде ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ аударма сапасын арттыру және әлемдік деңгейдегі таңдаулы шығармаларды бейімдеу мәселесі көтерілді.

Отандық баспалар мен мәдени ұйымдардың шетелдік әріптестермен байланысы нығайып, қазақстандық авторлардың шығармаларын сыртқы нарыққа шығару жұмыстары да кеңейіп келеді. Атап айтқанда, отандық кітап өнімдерін Болоньядағы балалар кітабының халықаралық жәрмеңкесі мен Франкфурт кітап жәрмеңкесі сияқты ірі алаңдарда таныстыру мүмкіндігі артып отыр.
Іс-шараны Steppe&World Publishing баспасы мен «Мың кітап» әдебиет үйі ұйымдастырды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасы ұлғаяды ма

Новости партнеров