Цифрлық мегаполис: Алматыда робот-курьерлер жұмысын бастады
Инновациялық жоба әуелі Самал ықшамауданында іске қосылды
Алматыда жеткізу қызметі жаңа деңгейге қадам басты. Бүгін қала көшелеріне алғашқы робот-курьер шығып, тұрғындарға азық-түлік жеткізуді бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Инновациялық жоба әуелі Самал ықшамауданында іске қосылды. Алдағы бір айда бұл қызмет мегаполистің бес ауданында қолжетімді болмақ. Жауаптылардың айтуынша, тапсырыс бірнеше батырманы басу арқылы өте оңай рәсімделеді, ал жеткізу уақыты шамамен 15 минутты құрайды. Қазіргі таңда бұл қызмет пайдаланушылар үшін тегін. Сондай-ақ жоба авторлары таныстырылым аясында Алматыда робот-такси де сынақтан өтіп жатқанын хабарлады. Алғашқы кезеңде олар қала көшелерін толық зерттеп, бірнеше мың шақырым жол жүріп, қажетті деректерді жинайды. Яғни камералар арқылы жол жиегі, ағаштар мен бағдаршамдар электронды картаға енгізіледі. Ал сынақ кезеңі аяқталған соң робот-таксидің коммерциялық сапарлары іске қосылады.
«Президентіміз алдымызға алдағы 3 жылдың ішінде елімізді толықтай цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Осы мақсатқа жету үшін «Диджитал Қазақстан» стратегиясы қабылданды. Аталған стратегияның ең маңызды бағыттарының бірі — пилотсыз технологиялар мен роботтарды дамыту», – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов.
«Біздің басты міндетіміз — қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасау. Бұл жобаға үлкен команда 9 айға жуық уақыт дайындалды. Бастапқыда бәрі тез жүзеге асады деп ойлаған едік, алайда озық технологияны қаланың нақты жағдайына бейімдеу үшін әлдеқайда көп уақыт қажет болды. Сондықтан бұл — үлкен жетістік», – деді қызмет көрсетуші компанияның бас директоры Тимур Шалекенов.
Асыл Махметов, Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: «Шағын және орта бизнес: Жаңа тау курорты қала экономикасына қалай әсер етеді