Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетті, екеуі іздестіріліп жатыр
Оқиға орнында жұмылдырылған мемлекеттік органдардың іс-қимылы және іздестіру-құтқару жұмыстары үйлестірілуде
Ведомство мәлім еткендей, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия Маңғыстау облысындағы төтенше жағдай болған жерде жұмысын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқиға орнында жұмылдырылған мемлекеттік органдардың іс-қимылы және іздестіру-құтқару жұмыстары үйлестірілуде. Қазіргі таңда негізгі міндет — орналасқан жері анықталмаған екі әскери қызметшіні іздестіру.
"Нақтыланған мәліметке сәйкес, оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты 17 адам суға кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үш әскери қызметші құтқарылды. Қалған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасуда", — делінген хабарламада.
Қанат Бозымбаев әлі табылмаған әскери қызметшілерді қажетті барлық күштер мен құралдарды тарта отырып, тәулік бойы үздіксіз іздестіруді қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті материалдық және өзге де көмек көрсету тапсырылды.
Уәкілетті органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Комиссияның жұмысы мен оқиға орнындағы іздестіру-құтқару іс-шаралары жалғасуда.
Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты