Марқұмның ағасының айтуынша, орын жоқтықтан емес, ақ халаттылар ақша сұраған
Таразда дәрігердің кесірінен ажал құшты деген тұрғынның туыстары, полицейлердің жұмысына шағымданып отыр. Айтуларынша марқұм Мұхтар Исабековтың ажалы ақ халаттылардың салғырттығынан болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
39 жастағы Мұхтар Исабеков жыл басында ауырып ауруханаға барған. Бірақ ондағылар орын жоқ деп қабылдаудан бас тартыпты. Марқұмның ағасының айтуынша, орын жоқтықтан емес, ақ халаттылардың ақша сұраған.
«Інімді қабылдамай қойды. Уақыт созып, қаражат сұрады. Бердік, бермесек бұл заманда қарамайды ғой. Дәрігерлер берген анттын орындамайды», – деді марқұмның ағасы Сәкен Исабеков.
Өкпесі суға толған науқас ауруханаға жатқанымен дұрыс ем алмаған. Ауырсынып алып кетуін өтініп анасына қайта-қайта хабарласқан. Бірақ сол түнде бақилық болыпты. Дәрігерлер марқұмның өкпесінде аздаған су болды деп қортынды берген. Бірақ мәйітханада 1,5 литр су шыққанын көрсетіп отыр. Бұдан соң туыстары тәуелсіз сарапшы жалдап, дәрігерлердің салғырттығын растап дер кезінде ем жасалмағанын да анықтаған. Артынша тергеу басталғанымен, 9 айдан бері бірнеше тергеуші ауысып, іс ілгерілемей жатыр.
«Арыз жазылған күйінде қалып тұр. Істің қозғалуын сұраймын. Облыстық, қалалық полицияға жазып жатырмын. Астанаға да жазып жатырмыз. Тексерілсін дейді ешқандай тексерілмейді. Сол күйінде іс жатыр», – деді марқұмның анасы Гүлнәр Исабекова
Ашынған марқұмның туыстары Полиция департаментіне келіп басшысының түсінік беруін талап етті. Алайда күткен жұртқа бас полицей қарасын көрсетпеді. Орынбасары жиылғандардың ашуын басып, тергеудің созылу себебін түсіндірді.
«Дәрігерге байланысты сараптамалар тағайындалған. ҚК процессуалдық талаптарына байланысты іс уақытша тоқтатылады. Бұл жерде сараптамаға сот медициналық қосымша комиссия өткізейін деп отырмыз», – деді Жамбыл облыстық ПД басшысының орынбасары Байжан Байгелді.
Жауаптылардың айтуынша, әдетте 2 айда аяқталуы тиіс қылмыстық іс, қорытындылары қайта-қайта қаралғандықтан 9 айға дейін созылған. Полицейлер істің қысқарып кетпегенін, тергеудің толық аяқталып сотқа жолданатынын мәлімдеді.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан
Оқи отырыңыз: Каспий теңізіндегі итбалықтар қырылып жатыр