Жұрт баспанасының Есіл өзенінің жағасындағы сайға сырғып, баяу қирап бара жатқанын айтып, дабыл қақты,
Петропавлдың жеке секторында тұратын жұрт баспанасының Есіл өзенінің жағасындағы сайға сырғып, баяу қирап бара жатқанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олардың айтуынша, жар жиегіндегі үйлерінің қабырғаларында жарық пайда болып, едендері қисайған.
Чернышовтер тұратын үйдің төбесі бұған дейін бірнеше рет опырылып түскен. Ерлі-зайыптылар оны өз күшімен уақытша тіреп қойған. Алайда қазір қабырғалары қақырап, іргетасы күн өткен сайын сайға сырғып барады. Отбасы әр таңды үреймен қарсы алатынын айтты.
«Жыл сайын «қаржы жоқ, қаражат бөлінбеді» деген жауап естиміз. Бұрын үйді өз күшімізбен жөндеп жүрдік, енді шамамыз келмейді. Үйді тексеріңіздер деп қоңырау шалдық, олар құжаттарыңызды жіберіңіздер деді. Кейін, ақша мен мердігер табылған соң, мәселе қаралады деп уәде етті», – деді қала тұрғыны Галина Чернышова.
Зайсан шағынауданының тұрғындары 12 жылдан бері құздың жиегінде өмір сүріп келеді. Бір кездері көз тартар көрінісімен танылған бұл еңіс бүгінде қоқыс пен ағынды су арнасына айналған. Үлкен құбырдың бойымен ағатын лас су топырақты үгітіп, еңістің одан әрі қирауына сеп болып отыр. Ал жергілікті билік барлық қажетті рәсімдер аяқталған соң ғана тұрғын үйлерге тексеру жүргізілетінін жеткізді.
«Құрылыс бөлімі бұл үйлерге техникалық тексеру жүргізуді бастап кетті. Нысандарға қатысты барлық құжаттар дайын. Бұл мақсатқа қажетті қаржы да қарастырылған. Алдағы он жұмыс күні ішінде үйлерді техникалық тұрғыдан тексеру бойынша конкурс жариялаймыз», – деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Жұманов.
Әзірге Зайсан шағынауданының тұрғындарына үреймен күн кешуге тура келеді. Себебі, бұл шаруаның қашан аяқталары белгісіз.
Мәди Мәлік. Пётр Акутионов, СҚО
Оқи отырыңыз: Іс тоқтап тұр: Таразда ауруханада көз жұмған тұрғынның туыстары полиция жұмысына көңілі толмайды