Мәжіліс дәрілік заттарды тіркеу мерзімін қысқартатын заң жобасын қарады
«Дәріханалардан бұрын сұранысқа ие болған арзан дәрілер жоғалып жатыр». Осылай деп депутаттар дабыл қағып отыр. Мұрат Әбеновтің сөзінше, бұл жағдайға фармацевтика саласындағы жекелеген топтардың әрекеті себеп болуы әбден мүмкін, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
«Дәріханаларда арзан дәрілер біртіндеп жоғалып барады. Өйткені, біздегі препараттарды тіркеу ережелері арзан дәрмек шығаратын компанияларды нарықтан ығыстырып отыр». Осылай деген депутат Мұрат Әбенов елімізде 10 жыл бұрын 12 миллион препарат тіркелгенін айтты. Алайда жыл өткен сайын тізім қысқарып бара жатқан көрінеді. Сөзінше, тек белгілі бір фармкомпаниялардың ғана өнімдері сатылымда бар. Халық қалаулысы сөз арасында өзі де қажетті дәрілерді ай сайын шетелден алдыруға мәжбүр екенін жеткізді. Өйткені олар Қазақстанда жоқ. Сондықтан депутат дәрілік заттарды тіркеуді жеделдету маңызды деп отыр.
«Жақында дәріханалармен кездестік. Онда қарапайым, арзан дәрілер жоқ болып шықты. Аспирин, димедрол, анальгин, ацикловир, фуросемид. Бұрын олар өте қолжетімді еді. Алайда қазіргі кезде оларды жеткізу жолдары жабылған, сол себепті әкелінбейді. Бұл жағдай халықты қымбатырақ дәрілерді сатып алуға мәжбүрлеу үшін жасалған сияқты», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов.
Мәжіліс дәрілік заттарды тіркеу мерзімін қысқартатын заң жобасын қарады. Бұл құжат саладағы жемқорлықты жоямақ. Осы тұста Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов препараттарды тіркеу процесі цифрлық форматқа көшіріліп жатқанын айтты. Сөзінше, бұл қызмет құнын төмендетуге және нарыққа арзан дәрілер жасайтын шағын өндірушілердің шығуына мүмкіндік береді.
«Цифрлық платформаның құны қағаз түрінде жүргізілген тіркеумен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Ол жерде сарапшылар мен инспекторлардың қатысуы аз. Егер 15 күн ішінде тіркелу қажет болса, инспекторлардың қатысуы мүлдем қажет емес және тіркелу тегін. Егер 100 күн ішінде тіркелу қажет болса, инспекторлардың бір келуі қажет және бұл қызмет бағаға кіреді. Дегенмен, мақсатымыз – тіркеу процесін жеделдету және нарықты қажетті дәрі-дәрмектермен толтыру», – деді ¤ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.
Қолданыстағы тәртіп бойынша елімізде дәріні тіркеу немесе қайта тіркеу 7 айға созылады. Депутаттар бұл мерзім 100 күнге дейін қысқартпақ. Одан бөлек, өзімізде өндірілетін дәрі-дәрмектердің сапасына бақылау күшейтіледі.
«Ел ішінде өндірілетін дәрі-дәрмектерге арналған субстанциялардың сапасына да бақылау күшейтуді ұсынып отырмыз. Енді елге кіргізілетін субстанциялар тексерістен өтіп, арнайы рұқсат алуы тиіс. Дәрілердің сапасы –қауіпсіздіктің кепілі», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.
Құжатта Денсаулық сақтау министрлігіне фармацевтикалық компаниялардың өтінімін күтпей-ақ Қазақстан үшін қажетті дәрі-дәрмекті тіркеуге өз бетінше өтінім беру құзыреті берілетіні жазылған. Одан бөлек, ұзақ уақыт комада жатқан науқастың жақын туысы немесе жұбайы мүгедектікке өтініш бере алатыны айтылған.
Айта кетейік, депутаттар құжатты бірінші оқылымда қолдады.
Астанадан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген
Оқи отырыңыз: Алматыда курьерге қатысты қойылатын талаптар күшейтіледі