Әкімнің тапсырмасымен аумақты өз бетімен иемдену фактілері бойынша қосымша тексеру жүргізіледі
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қала тұрғындарының көріктендіру және құрылыс мәселесіне қатысты өтінішін қарады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шаһар басшысы «Lamiya» тұрғын үй кешенінің азаматтарымен тілдесіп, кездесуде электр қуатымен үздіксіз қамту және инженерлік желілерді қаланың иелігіне беру мәселесі қозғалды. Дархан Сатыбалды жауаптыларға қосымша трансформаторлық қосалқы станса мен резервтік кабель салу мәселесін пысықтап, кейін оны қала меншігіне өткізуді тапсырды.
«Алатау Жарық компаниясы резервтік кабелдің жоқ екенін айтты. Соны салып, қала меншігіне өткізсе, кейін біз оны жауапты компанияға береміз. Олар бар жауапкершілікті мойнына алады. Солай электр қуатымен қамту ісі ретке келеді», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.
Ал «Көктем» шағынауданының тұрғындары бос жатқан жерлер заңсыз құрылысқа беріліп кете ме деп алаңдап отыр. Әкімнің тапсырмасымен аумақты өз бетімен иемдену фактілері бойынша қосымша тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар, тұрғындардың өтініші бақылауға алынып, белгіленген тәртіппен қаралады.
«Қала әкімі «бәрін бірлесе отырып шешеміз» деді. Барлық шешім Бас жоспарға сай, ашық түрде және тұрғындардың пікірін ескере отырып қабылдануы қажет екенін айтты», – деді қала тұрғыны Сұлушаш Мағзиева.
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі ТЖД мамандандырылған жасағының жұмысымен танысты