Далада қаламыз ба: атыраулық үлескерлер тұрғын үйдің сүрілуіне наразы

2022 жылы аяқталады деген үйдің құрылысы әлі толық бітпеген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаланың қақ ортасынан баспана аламын деп тұрғын үй құрылысына қыруар қаржы салған атыраулық үлескерлер енді далада қаламыз ба деп алаңдап отыр. Себебі жанар-жағармай құю бекетіне жақын орналасқан бұл нысанды сот заңсыз деп таныған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әкімдік  алдына жиналған тұрғын үй кешенінің үлескерлері осыдан 5 жыл бұрын баспаналы боламыз деп қомақты қаржы құйған. Сөздерінше, көбі пәтерлерінің жарты құнын, кейбірі толық сомасын төлеп қойған. 2022 жылы аяқталады деген үйдің құрылысы әлі толық бітпеген. Сорақысы, тағы 2 жылдан кейін сот шешімімен нысан заңсыз деп танылыпты.

«Біздер 1 бөлмелі үйге 15 млн  теңге салдық. Бұзайын деп жатыр деп естіп жатырмыз. Сот адал үкім шығаратынына сенеміз. Әкімдіктен  көмек сұраймыз», деді үлескер Бауыржан Ұзақбаев.

Үлескерлер тұрғын үй кешенінің сүрілмеуін талап етіп, облыс әкімінен көмек сұрап отыр. Жылдар бойы жиған тергендерін баспана алуға жұмсаған халық енді далада қаламыз ба деп күйінеді.

«Менің отбасым екі пәтер сатып алды. 100 пайыз төлеп тастадық. Өйткені асықтырып, 2022 жылы тапсырамыз, тез төлеңдер деді. Содан бері құрылыс қозғалмай тұр. 20 сәуірде үйді бұзамыз деп отыр. Біз далада қалғалы тұрмыз. Қыруар ақша құйдық. Табан тоздырып, біраз жерге де жаздық. Бірақ әлі еш нәтиже жоқ», деді үлескер Гауһар Жақсылықова.

Айқайға басқан жұртты ақыры қала әкімінің орынбасары қабылдап, мәселесін тыңдады. Шенеуніктер тұрғын үй кешенінің сүрілуіне жол бермейміз деп отыр. Енді олар жанар-жағармай құю бекетінің басшыларымен келіссөздер жүргізбекші.

«Келесі аптаның аяғында жанар-жағармай бекетінің Астанадағы басшылығымен, қала прокурорының, қала басшылығының өзінің бастамасымен өңір басшысының тапсырмасы бағытында орындау мақсатында жиын өтеді. Сол жиында тиісті шешімдер қабылданады. Бұл жерде жанар-жағармай бекеті өзінің бағалау құнын жасақтап жатыр. Әзірше бұл мәселелерді тоқтатып, нақты шешім болмағанша,  бұзу бойынша басқа атқармауды ұсынамыз», деді қала әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов

Үлескерлердің ендігі бар үміті облыс әкімінде. Жиналғандар қалайда баспанамызды бұзуға жол бергізбейміз деп тарқасты.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Заңсыз қуылдық: бұрынғы полиция қызметкерлері әділдікті талап етуде

Новости партнеров