Декларациядан тәуелсіздікке дейін: Алматыда Қазақстанның тарихи даму жолы талқыланды
Конференцияда Қазақстан тәуелсіздігінің тарихи бастауы талқыланды
Алматыдағы Достық үйінде Республика күніне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға қатысқан ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, саясаттанушылар мен жастар 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның маңызын талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Конференцияны ашқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов Декларацияның мемлекеттің одан әрі дамуының негізін қалап, тәуелсіздікке бастар жолдағы маңызды кезеңдердің біріне айналғанын айтты.
«Тарих – біз жаттап алатын оқиғалар, даталар мен есімдер ғана емес. Өткенімізді білу бүгінімізді тереңірек түсінуге және болашаққа саналы түрде көзқарас қалыптастыруға көмектеседі», – деді Абзал Нүкенов.
Оның айтуынша, ғылымды, білім мен экономиканы дамыту жастардан кәсібилікті және белсенді азаматтық ұстанымды талап етеді.
ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, көрнекті математик-ғалым Асқар Жұмаділдаев Декларацияны қабылдау үдерісіне қатысқан кезеңі туралы айтып берді.
«Мен өмір бойы ғылыммен айналысып келемін. Сонымен қатар Жоғарғы Кеңестің депутаты болдым. Еліміздің тарихындағы маңызды оқиға – Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануына қатысқанымды ерекше мақтан тұтамын. Кейін Мемлекеттік тәуелсіздік туралы заң қабылданды. Менің ойымша, осы екі құжат – еліміздің әкесі мен анасы іспетті», – деді ғалым.
1990 жылы қабылданған Декларация мемлекеттік егемендіктің негізгі қағидаттарын айқындаса, 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған Мемлекеттік тәуелсіздік туралы заң Қазақстанның дербес мемлекет ретіндегі мәртебесін бекітті.
Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова Декларацияның мемлекеттіліктің қалыптасуындағы маңызына тоқталды.
«Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи, саяси және философиялық маңызы зор. Ол біздің мемлекеттілігіміздің қалыптасу жолындағы аса маңызды кезең болды. Егемендікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстанның алдында дербес мемлекеттік жүйені қалыптастыру міндеті тұрды. Бұл жолда 1993 жылғы Конституцияның қабылдануы мен одан кейінгі реформалар маңызды рөл атқарды», – деді ол.
Сондай-ақ Айгүл Сәдуақасова қоғамдық келісімді нығайтудың және тарихи тәжірибені жас ұрпаққа жеткізудің маңызына тоқталды.
Жиын барысында қатысушылар Декларацияның құқықтық маңызын, оның тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуындағы рөлін, сондай-ақ ғылым, білім және технологияны дамытудың қазіргі міндеттерін талқылады.
Тарихи жадыны сақтаудағы мектеп оқушылары мен студенттердің рөліне де ерекше назар аударылды. Кездесу жастарға Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасу тарихын құқықтық, саяси, философиялық және ғылыми тұрғыдан зерделеуге мүмкіндік берді.
Конференция Республика күнінің мәні тек атаулы датамен шектелмейтінін көрсетті. 1990 жылы қабылданған Декларация тәуелсіздікке бастар жолдағы маңызды тарихи белеске айналды. Оның тарихи мұрасы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Ғылым мен білімді дамыту, экономиканы нығайту, қоғамдық келісім мен азаматтық бірлікті сақтау ел өркендеуінің басты шарттары болып қала береді. Тарихты терең түсіну қол жеткізген жетістіктеріміздің қадірін ұғынуға және әрбір азаматтың Қазақстанның болашағы алдындағы жауапкершілігін сезінуге жол ашады.
Оқи отырыңыз: Интернет-саудада алаяқтарға алданбау үшін не істеу керек