Көлікте 6 бала бар
Атыраулық құтқарушылар батпаққа батып қалған көліктерді шығарып, ішінде болған 12 адамды ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды Almaty.tv
Олардың алтауы бала. Қазір жолаушылардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Демалыс орнына бармақ болған бір отбасының үш көлігі батпаққа белшеден батып, қозғала алмай қалған. Артынша көмек шақыртқан. Төтеншеліктер тұрғындарды әупірімдеп жүріп әрең қауіпсіз орынға орналастырыпты. Жағдайға байланысты құтқару қызметі тазартылмаған және батпақты жол учаскелерінде, әсіресе түнгі уақытта, жеңіл автокөлікпен жүруге болмайтынын ескертеді. Биыл мамандар 100-ден аса адамды түрлі қауіптен сақтап қалған.
«Сағат 20:13-те Бесікті ауылы маңында үш автокөліктің батпаққа батып қалғаны жөнінде хабарлама түсті. ТЖ қызметкерлері оқиға орнына барған кезде 3 автокөлікте 12 адам, оның арасында 6 бала болды. Департамент құтқарушылардың көмегімен Атырау қаласына жеткізілді. Зардап шеккендер болған жоқ», – деді Атырау облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы Айтқали Байтүгелов.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында мыңнан аса ветеринар үстемақыны уақытылы ала алмаған