«Әділет» партиясы Құрылтай сайлауына кандидаттар тізімін бекітті

Партия кезектен тыс съезінде сайлауалды бағдарламасын қабылдады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Әділет» партиясы кезектен тыс III съезінде алдағы Құрылтай депутаттығына ұсынылатын кандидаттардың партиялық тізімін бекітті. Барлығы 186 үміткер ұсынылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ делегаттар сайлауалды бағдарламаны мақұлдап, партия Жарғысына өзгерістер енгізіп, мүшелік жарналардың жаңа мөлшерін бекітті.

Жалпы алғанда, 40 ережеге өзгеріс енгізілді. Түзетулер үш негізгі бағытты қамтиды: партия қызметін жаңа конституциялық талаптарға бейімдеу, басқару жүйесін жетілдіру және құжаттың құрылымы мен мазмұнын жүйелеу.

Саяси ұйым алдағы науқанда әділеттілік, заң үстемдігі, ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын негізге ала отырып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруды, өңірлердің теңгерімді дамуын, кәсіпкерлікті қолдауды және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуды басты басымдық ретінде айқындады.

«Бұл бағдарлама мемлекеттің азаматқа не беретіні туралы ғана емес, қоғамның жауапкершілігін айқындайтын құжат. Әділ мемлекет әділетті қоғамсыз құрылмайды. Заңға бағынатын азаматсыз заң үстемдігі орнамайды. Еңбекқор адамсыз қуатты экономика қалыптаспайды. Білімге ұмтылмаған қоғам инновациялық мемлекетке айналмайды. Өз елінің болашағына жауапкершілікпен қарамаған халықтың болашағы баянды болуы екіталай. Сондықтан біз қабылдаған бағдарламаның түпкі идеясы – мемлекет, қоғам және жеке азаматтың жаңа үйлесімді серіктестігі», – деді «Әділет» саяси партиясының төрағасы Айбек Дәдебай.

Оқи отырыңыз: Республикалық маңызы бар бес ақылы жолда жаңа бақылау жүйесі енгізілді