Республикалық маңызы бар бес ақылы жолда жаңа бақылау жүйесі енгізілді

Жаңадан қосылған бұл жолдардың жалпы ұзындығы 500 шақырымнан асады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Уақытты үнемдеймін деп заңды белшеден басатын жүргізушілердің айласы енді іске аспайды. Бүгіннен бастап республикалық маңызы бар тағы бес ақылы автожолда көліктің орташа жылдамдығын бақылау жүйесі іске қосылды. Ол Ақтөбе – Қандыағаш, Алматы – Қорғас, Көкшетау – Петропавл бағыттарында, сондай-ақ Астана – Теміртау және Астана – Щучинск автожолдарының қосымша учаскелерінде орнатылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жаңадан қосылған бұл жолдардың жалпы ұзындығы 500 шақырымнан асады. «Ақылды» жүйе автокөліктің белгілі бір аралықты нақты қанша уақытта жүріп өткенін есептейді. Яғни, жүргізушінің тек камераның алдында жылдамдықты бәсеңдетіп, содан кейін қайтадан газды басу тәсілі бұдан былай нәтиже бермейді.

«Қазіргі уақытта ұзындығы шамамен 2,5 мың шақырым болатын тағы 14 ақылы жол учаскесін кезең-кезеңімен осы жүйеге қосу мәселесі қарастырылып жатыр. Орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізудегі басты мақсат – жүргізушілерді жазалау емес, адам өмірін сақтау екенін ерекше атап өтеміз.

Статистикаға сәйкес, жылдамдықты шамадан тыс арттыру ауыр зардаптарға әкелетін жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып қала береді», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Оқи отырыңыз: Ақтау маңындағы атыс: полиция күдіктілерді жедел ұстады