Димаш Құдайберген: балабақшада әншінің атымен сазды-әуен залы ашылды

Ашылу салтанаты мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне арналған «Шығармашылықтың жаңа көкжиегі» атты қалалық семинар аясында өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы №183 бөбекжай-балабақшасында заманауи сазды-әуен залы ашылды. Зал әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің атымен аталмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ашылу салтанаты мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне арналған «Шығармашылықтың жаңа көкжиегі» атты қалалық семинар аясында өтті. Қатысушылар балабақша жұмысымен танысып, тәжірибе алмасты. Іс-шараға Білім басқармасы мен аудандық білім бөлімдерінің өкілдері қатысты.

«Бүгінгі инновациялық музыкалық әуенді зал Қазақстан бойынша бірінші рет ашылып жатыр. Заманауи техниканың бәрі қосылған. Ұлттық аспаптар қойылған, – деді №183 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Ғалия Шаметова.

Семинар барысында педагогтерге арналған экскурсия ұйымдастырылды. Олар «Дәстүрлі мерекелер мен салт-дәстүрлер», «Қиял әлемі су астында», «Шығармашылықтағы табиғи түстер» және «Қыш әлемі» атты орталықтардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар шеберлік сыныптары өткізіліп, жобалық қызмет бойынша тәжірибе алмасу өтті. Балабақшада ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылады және ерекше білімді қажет ететін балалар үшін қолайлы орта жасалған.

 «Тағылымдамада Қытай, Малазия елдерінде көрген іс-тәжірибелерді Қазақстанның балабақшаларында дамытып келе жатырмыз. Бала зерттеу, қолөнер жұмыстарын, кез келген нәрсені өзі жасай білуі керек. Ол өзін-өзі қорғай білуі керек», – деді Алатау аудандық білім бөлімінің бас маманы Мәншүк Зейітова.

Оқи отырыңыз: Алматылықтар панфиловшы батырларды еске алды

Новости партнеров