Биыл елде балалар көз жұмған 15 өрт оқиғасы тіркелген
12 жасқа дейінгі балаларды қараусыз қалдыруға заң жүзінде тыйым салу керек. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл елде балалар көз жұмған 15 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл туралы омбудсмен Динара Зәкиева айтты. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алуға қатысты ұсынысын да білдірді. Зәкиеваның пікірінше, 12 жасқа дейінгі балаларды қараусыз қалдыруға заң жүзінде тыйым салынуы керек.
Ата-аналарды кінәлай алмаймыз. Табысы аз азаматтар балаларын балабақшаға да бере алмайды, – деді қала тұрғыны Маржан Қазнауева.
"Ата-аналарға әлеуметтік жағдайын жақсартатындай көмек қажет деп ойлаймын. Жұмыс уақытын қысқартып, әкесі мен анасының уақытын сәйкес келтіріп, біреуі үйде жоқта, біреуі қарайтындай жағдай жасау керек", – деді қала тұрғыны Ғалия Жаңабергенқызы.
Ал Мәжіліс депутаттары омбудсменнің бұл ұсынысын қолдап отыр. Алайда бірқатар түйткілдің туындайтынын да алға тартты. Сөздерінше, осыған ұқсас заң нормасы бар.
"Ұсыныс жөнді. Біз қос қолдап қолдаймыз. Алайда жағдайды қалай үнемі бақылауда ұстауға болады? Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар бар. Балалардың ата-аналары жұмыс істейді. Әрине алдымен жан-жақты қарастыру қажет", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов.
Айта кетейік, балалар омбудсмені мұндай жағдайда мұқтаж отбасыларға мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетілуі қажет екенін де атап өткен.
Гүлмарал Изатқызы, Әсемжан Жүзбаева, Данияр Омар, Астана
Оқи отырыңыз: Аналар ерекше балалармен жұмыс істейтін қызметкерлерге алғыс айтты