Егемендік декларациясынан жаңа реформаларға дейін: Қазақстанның даму жолы қалай бағаланады
1990 жылы 25 қазанда «Мемлекеттік егемендік туралы декларация» қабылданды
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басты мақсат мемлекет құру болса, бүгінде азаматтарды ел басқару ісіне көбірек тартуға басымдық беріліп отыр». Бұл – сарапшылардың пікір. Олар қазіргі реформалардың мақсаты — мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіріп, халықтың маңызды шешімдерді қабылдауға қатысуына мүмкіндік беру екенін айтты. Мамандар мұны 1990 жылғы Егемендік туралы декларацияда бастау алған мемлекетті нығайту идеясының жалғасы ретінде бағалайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
1990 жылы 25 қазанда «Мемлекеттік егемендік туралы декларация» қабылданды. Сарапшылардың пікірінше, бұл құжат Қазақстанның тәуелсіздікке бастар жолындағы маңызды құқықтық қадамдардың бірі болды. Олар қазіргі реформалар да декларацияда бастау алған мемлекетті нығайту идеясымен сабақтасып жатқанын айтады.
«Бүгінгі реформалардың басты мақсаты да сол – осы мемлекеттік басқару ісіне азаматтарды барынша араластыру. Яғни, республика күнінің мағынасы ол тек қана мемлекеттік мереке емес, ол әр азаматтың өзінің жеке жауапкершілігі, осы мемлекетті дамыту бағытындағы жеке жауапкершілігі деп есептеймін», – деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Алмат Нүкенов.
Егемендік алғаннан бері Қазақстанның сыртқы байланысы кеңейіп, әлемдік аренадағы орны нығая түсті. Еліміз жаһандық ұйымдардың жұмысына қатысып қана қоймай, бірқатар бірлестіктердің құрылуына да бастамашы болды. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан халықаралық деңгейде ынтымақтастық пен бейбіт диалогты қолдайтын мемлекет ретінде танылып келеді.
«Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру бастамасын Қазақстан көтерді. Сондай-ақ еліміз Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылуына атсалысты. Бұдан бөлек, Қазақстан экономикалық интеграцияны дамытуға да белсенді қатысып келеді», – деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Арман Ешмұратов
Қазақстанның даму жолы жалғасып келеді. Республика күні – өткенге тағзым етіп қана қоймай, болашақ алдындағы жауапкершілікті сезінетін күн. Сарапшылар Егемендіктің қадірі мемлекеттің жетістіктерімен ғана емес, әр азаматтың ел дамуына қосқан үлесімен де өлшенетінін айтады.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: Азаттық жылнамасы: үш ұрпақтың тағдыры арқылы көрінген тәуелсіздік шежіресі