Олжас Бектенов газ өңдеу зауытының құрылысын тексерді
Маңғыстауға іс-сапармен барған Үкімет басшысы Олжас Бектенов газ өңдеу зауытының құрылысын көріп қайтты. Президенттің Жаңаөзенді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерген ол алдымен моноқаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған шаралармен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңғырту, білім беру сапасын арттыру мен халықты жұмыспен қамту сынды бағыттарға баса назар аударылды. Олжас Бектеновке қаладағы жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы баяндалды. 2023 жылы қарашада басталған екі кешенді салу 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған.
"Бүгінгі таңда барлық инженерлік, геодезиялық, геологиялық, гидрометрологиялық және экологиялық зерттеулер толықтай аяқталды. Жоспар бойынша жаңа газ зауытының құрылысы 2025 жылы қаңтарда басталып, 2027 жылы ақпанда аяқталады деп белгіленді", – деді «Қазақ газ өңдеу зауыты» құрылыс дирекциясы басшысының міндетін атқарушы Абай Молбаев.
Олжас Бектенов Құрық теңіз портын да аралады. Премьер-Министрге жыл басынан бері жүктерді ауыстырып-тиеу көлемінің 1,5 млн тоннадан асқаны, жыл соңына қарай көрсеткіштің 2,2 млн тоннаға дейін жеткізілетіні баяндалды. Биыл тереңдету жұмыстарын аяқтап, астық терминалын іске қосу да жоспарланып отыр. Ал қазір логистикалық класстер құру және паром флотын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
"Құрық теңіз порты жыл бойы автокөлік және теміржол паромдарын қабылдай алады, осы мақсатта мамандандырылған 4 айлақ бар. Теміржол тасымалы 4 млн, ал көлік тасымалы 2 млн жүкке дейін қабылдауға қауқарлы. Қазір айлақты тереңдету жұмыстары жүріп жатыр. Жылына 1 млн тонна астық қабылдайтын терминалдың да құрылысы салынып жатыр. Осы айдың соңында тестілеу режиміне қосылып, алғашқы жүкті қабылдайтын болады", – деді «Құрық порт» маркетинг секторының басшысы Айтқали Нұрмағамбетов.
Оқи отырыңыз: Ақмола облысында астық қоймасында ірі өрт болды