Екі жылда елдегі бидай алқаптары 750 мың гектар кеміген

15.07.2025 09:52

Биыл жалпы егіс алаңы 23,7 млн гектар болды

Erik-Jan Leusink/ unsplash.com/

 Биыл шаруалар егіс алқаптарына 1,5 млн тонна тыңайтқыш сепкен. Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров осындай деректер келтірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Биыл жалпы егіс алаңы 23,7 млн гектар болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдарын әртараптандыру бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Соның ішінде 2 жылда бидай алаңдары 750 мың гектарға қысқартылды", — деді министр.

Оның айтуынша, мұның есесіне майлы дақылдар мен азық дақылдары сияқты табысы жоғары, сұранысқа ие дақылдардың алқаптары кеңейтілген.

"Бүгінгі таңда шаруалар 1,5 млн тонна минералды тыңайтқыш пайдаланды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 500 мың тоннаға артық.
Осы қарқынды сақтау үшін ағымдағы жылы егіс жұмыстарын жеңілдікпен қаржыландыру көлемі «таза» 5% жылдық мөлшерлемемен 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды", — деді Айдарбек Сапаров.

Оқи отырыңыз: Қазақстан экономикасы 6 айда 6,2 пайыз өсім көрсетті