Олардың айтуынша, халқымыздың баға жетпес қазынасы - ұлттық мұрасын сақтап, әлемге таныту – басты мақсат
«Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі – мәдениет пен өнер. Себебі қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайда осылай деді. Мемлекет басшысы еліміздің тарихи-мәдени мұрасын әлемге таныту туралы бастама көтерді. Яғни, өңір-өңірде музей, театр сияқты тарихи орындарды салып, қазақ хандары мен ұлы тұлғаларды теледидар, әлеуметтік желі арқылы насихаттауды тапсырды. Осы ретте көтерілген бастамаларды ел жастары қолдап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың айтуынша, халқымыздың баға жетпес қазынасы - ұлттық мұрасын сақтап, әлемге таныту – басты мақсат.
«Елбасы музей ісін дамыту, қазақтың тарихын қозғау, қазақтың хандарын таныту міселесін айтты. Келешек ұрпақ жат болып, білмей, естімей қалып жатыр. Өйткені, көретіндері тек телефон, ойыншық, көк трактор. Сондықтан тарих туралы нәрселерді дамыту керек деп ойлаймын. Тарихқа бала күннен бастап қызықтыра білу керек», – деді қала тұрғыны Әлен Серік.
«Құрылтайда көрдім. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, тудың қадірін, қасиетін құрметтеуді қойдық. 2025 жылы дүкендерде 16 желтоқсанда көп ту ілінді. Бірақ, оны тек 16 желтоқсанда емес, мерекелерде, басқа күндерде қастерлей білуіміз керек», – деді қала тұрғыны Асфандияр Әйтібаев.
«Қазақстандағы ұлы тұлғаларды тек мерейтойда ғана емес, 185 жылдығында Абайға концерт беріп жатырмыз, оны келешек ұрпаққа үшін мектепке пән ретінде енгізсе жақсы болады. Абайдытану немесе өзге де біздің тұлғаларымызды тану әрбір жас ұрпаққа ауадай қажет», – деді қала тұрғыны Бақдәулет Тұрғын.
Қала тұрғындары Мемлекет басшысының өңірлерді дамыту мен жасанды интеллектіге қатысты көтерген бастамаларын қолдады.
«Құрылтайда ірі қалаларды ғана емес, өңірлерді де дамыту қажеттігі туралы айтылды. Мен бұны толық қолдаймын. Өйткені, өңірлердің дамуы, біріншіден, үлкен қалалардағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді», – деді қала тұрғыны Ақбөпе Көпбай.
«Цифрландыру мен жасанды интеллект мәселесіне келсек, менің ойымша, бұл еліміз үшін өте маңызды. Бұл – басқа елдермен, бүкіл әлем мемлекеттерімен өзара байланыс орнатуға септігін тигізеді. Қазір әлем өте қарқынды өзгеріп жатыр, сондықтан олармен бір деңгейде болуымыз керек», – деді қала тұрғыны Малика Ғабдолова.
Оқи отырыңыз: Франциядағы Қазақстан азаматтары әкімшілік санкциясыз елге қайтарылады