Елде көмір генерациясын дамытуға 7,5 триллион теңге инвестиция тартылады

Үкімет биыл инженерлік коммуникацияны жөндеуге 1,1 триллион теңге бөлді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елде көмір генерациясын дамытуға 7,5 триллион теңге инвестиция тартылады. Қаражат жаңа электр және жылу нысандарын салуға, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған стансаларды жаңғыртуға жұмсалады. Үкімет 2026-2030 жылдарға арналған «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасын бекітті,  деп хабарлайды Almaty.tv 

Оның аясында барлығы 8 жаңа энергия нысаны салынып, он бірі жаңартылады.

Атап айтқанда, Көкшетау, Семей, Өскемен, Жезқазғанда жылу электр орталықтары, Қарағанды мен Екібастұзда жылу электр стансалары, ал Курчатов пен Екібастұзда конденсациялық электр стансалары бой көтереді.

«Жекеленген жоспарларды жүзеге асыру жұмыстары басталып та кетті. Көкшетауда электр энергиясы бойынша қуаты 240 мегаватт болатын жаңа жылу электр орталығы салынып жатыр. Семейде 2026 жылғы сәуірде жылу электр орталығының үшінші құрылысы басталды. Жалпы алғанда Көкшетау мен Семейдегі және жылу көздері екі қаладағы шамамен 500 мың тұрғынды айтарлықтай сенімді жылумен қамтамасыз етеді», – деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Стратегиялық талдау және даму департаментінің директоры Әуесхан Оспанов.

Сондай-ақ Үкімет биыл инженерлік коммуникацияны жөндеуге 1,1 триллион теңге бөлді. Бұл қаржыға 12 мың шақырым желіні жөндеп, тағы 8 кәсіпорынды тәуекел аймағынан шығару жоспарланған. Жоба 2024 жылы қабылданған «энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» бағдарламасы аясында іске асырылады. 2025–2029 жылдары энергетика және коммуналдық секторларға 13 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланған. Оның 6,8 триллионы коммуналдық салаға, 6,2 триллон теңгесі энергетикаға салынады.

«Энергетика министрлігі жалпы құны 990,9 миллиард теңгені құрайтын электр және жылумен жабдықтау саласындағы 393 жобаны іске асыруды қолдады. Жаңғыртылатын желілердің жалпы ұзындығы 12 мың шақырымды құрайды. Бұл ретте тозу деңгейі ең жоғарғы нысандарға басымдық берілуде. Степногрск қаласында 1973 жылдан бері пайданалып келе жатқан тозу деңгейі 90 пайыздан асатын жылу магистралін жаңғырту жобасы іске асыруылуда. Қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін 20 мыңнан астам тұтынушыны жылумен жабдықтаудың сенімділігі артады», – деді ҚР Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев .

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 72 теміржол вокзалын реконструкциялау аяқталды