Елде нотариус қызметіне бақылау күшейтілмек

 Республикалық нотариалдық палатаның төрағасы саладағы заң бұзушылықтар бар екенін жасырмады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елде нотариус қызметіне бақылау күшейтілмек. Себебі аталған салада ауқымды заң бұзушылықтар тіркеліп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Атап айтқанда, тек атқарушылық жазбаларды рәсімдеу бағытында 2 млрд теңгеге жуық заңсыздық анықталған. Осыған байланысты Мәжіліс депутаттары нотариат қызметін жетілдіруге арналған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Халық қалаулыларының айтуынша, нотариустардың микроқаржы ұйымдары, ломбардтар және коллекторлық компаниялармен сыбайластық жиілеген. Бұған қоса, дербес деректерге рұқсатсыз қол сұққан нотариустарды лицензиясынан айыру мәселесі де қаралды. Депутаттар бұл өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауға және заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталғанын айтады.

Нотариус қызметі түбегейлі өзгеріске ұшырауы мүмкін. Себебі салада түйткілді мәселелер көбейген. Осыған байланысты Мәжілісте азаматтардың құқығын қорғауды күшейтуге және нотариат жүйесінің ашықтығын арттыруға бағытталған заң жобасы қарастырылды. Атап айтқанда, атқарушылық жазбаны рәсімдеу енді тек борышкердің тіркелген мекенжайы бойынша жүргізіледі. Сондай-ақ азаматтарды міндетті түрде хабардар ету тәртібі енгізілмек. Мұндай құжат рәсімделсе, оның көшірмесі электронды үкімет порталы мен SMS арқылы жолданады. Сондай-ақ жеке деректерді қорғау талаптарын бұзған нотариустарға жауапкершілік күшейтіліп, ақпаратқа заңсыз қол жеткізген жағдайда лицензиядан айыру жазасын енгізу ұсынылып отыр.

«Азаматқа қатысты қандай да бір деректерді немесе электрондық қолтаңбаны нотариус тарапынан үшінші тұлғаларға берілген жағдайда нотариустардың лицензиясын тоқтату, ал егер ауырлығы дәлелдесе, лицензиясын қайтып алынады. Ақпараттарды қорғауға қатысты басқа заңдарда көрсетілген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік жүргізілетін болады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұрсұлтан Байтілесов.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те саладағы заңсыздықтар туралы ашық мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, жеке нотариустар мемлекет атынан сот шешімдерін шығарып отыр. Ең сорақысы, мұндай әрекеттер азаматтардың қатысуынсыз, сырттай жүзеге асады. Депутаттың сөзінше, шешім шыққаннан кейін ғана азаматтарға есепшоттарының бұғатталғаны және шетелге шығуға тыйым салынғаны туралы хабарлама келеді. Ол мұны адам құқығын тікелей таптау деп бағалады.

«Бәрі бір-біріменен ауыз жаласқан, бір-бірімен сыбайлас. Сол себептен тоқтатпасақ болмайды. Бұл – 1,5 млн адамның тағдыры. Бүгін есеп шоты жабылған азаматтар қатты қиналып отыр Олар осыы заңды қабылдауымызды талап етіп отыр.Өткен айда Әділет министрлігімен бірге бір айда заңсыз жабылған 150 мың адамның есеп шотын аштық», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов.

 Республикалық нотариалдық палатаның төрағасы саладағы заң бұзушылықтар бар екенін жасырмады. Оның айтуынша, мұндай жағдайлар бойынша жауапты тұлғалар заң аясында тиісті жазасын алып жатыр.

«2025 жылы бес нотариус қылмыстық жауапкершілікке тартылды, тағы төрт іс қаралу үстінде. Қылмыстық кодексте 251-бап бар, ол өкілеттікті асыра пайдалануға қатысты. Бұл бап нотариустарға, адвокаттарға және жеке сот орындаушыларына да қолданылады. Егер заң бұзушылық фактілері дәлелденсе, нотариус қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұндай тетіктер қазірдің өзінде бар және жұмыс істеп тұр», – деді республикалық нотариалдық палатаның төрағасы Олег Полумордвинов.

Айта кетейік, нотариаттық қызметтер толықтай цифрландырылмақ. Қазірдің өзінде сенімхаттар мен келісімдер онлайн форматта куәландырылып жатыр. Пилоттық жоба аясында 800 мыңнан астам қызмет электронды түрде көрсетілген. Бұл бастама нотариаттық рәсімдерді азаматтың жеке қатысуымен де, сондай-ақ электронды Үкімет порталы арқылы қашықтан да орындауына мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Тбилисиде халықаралық іздеуде жүрген есірткі қылмыскерлері ұсталды

Новости партнеров