Мемлекет басшысы елімізде жүргізіліп жатқан реформалар мен олардың нәтижелеріне де тоқталды
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясына қатысып, еліміздің ұстаздар қауымына арнаған сөзінде білім мен тәрбие саласының ел болашағындағы шешуші рөлін атап өтті. Биылғы жиын «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өтуде, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент ең алдымен педагогтерді дәстүрлі конференцияның ашылуымен құттықтап, олардың күнделікті қажырлы еңбектерінің ел дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.
Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Сіздер жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүрсіздер. Халқымыздың зияткерлік қуатын арттыруға белсене атсалысып келесіздер. Шын мәнінде, мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр. Ыбырай Алтынсарин «Жақсы оқытушыны бәрінен де қымбат көремін» деген. Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты. Сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны бәрінен биік болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елімізде жүргізіліп жатқан реформалар мен олардың нәтижелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда саяси жүйе толық жаңғыртылып, ұлттық экономиканың жаңа бағдары айқындалды, мемлекеттік қызметте меритократия қағидаты басты орынға шықты.
Билікте «отбасылық жүйе» жоқ. Азаматтарды қызметке тағайындауда олардың білімі мен кәсіби білігі бірінші кезекте ескеріледі. Қазір елімізде рухы азат, ойы еркін ұрпақ өсіп келеді. Заңды сыйлау, тәртіпке бағыну қоғамның мызғымас қағидасына айналуда. Қазақстан жаңа сипатты ел болу жолына бет бұрды, – деді Президент.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев өзгерістерді жүзеге асыру ғана емес, оларды қоғамда біржола орнықтыру қажеттігін де атап өтті. Бұл ретте ұстаздардың рөлі ерекше екеніне назар аударды.
Қоғам санасының түбегейлі жаңғыруы – басты міндет. Себебі, нағыз «Адал азамат» мектеп қабырғасында қалыптасады. Сондықтан сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі, – деді Мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясына қатысты