Электрондық еңбек биржасы: ең көп маман қай салаға керек

09.09.2026 16:57

Тамыз айында ең көп бос жұмыс орны білім беру саласында тіркелді

Аlmaty.tv

Қыркүйек айының басынан бері Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілердің белсенділігі жоғары деңгейде сақталып отыр. Бүгінде платформада 105 907 өзекті бос жұмыс орны бар, деп хабарлайды Almaty.tv.                  

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, тамыз айында жұмыс берушілер жариялаған бос жұмыс орындарының саны шілдемен салыстырғанда 25,8%-ға артып, 131,6 мыңға жетті. Ал жұмыс іздеушілер 145,2 мың түйіндеме орналастырған. Бұл шілдедегі көрсеткіштен 2,8%-ға жоғары.

Соның нәтижесінде бір айдағы бос жұмыс орындары мен түйіндемелер арасындағы айырмашылық 2,5 еседен астам қысқарды. Шілдеде бұл айырмашылық 36,6 мың болса, тамызда 13,6 мыңға дейін азайды.

Жалпы, 2026 жылдың басынан бері Enbek.kz платформасында 840,6 мың бос жұмыс орны және 1 022,4 мың түйіндеме орналастырылған.

Тамыз айында ең көп бос жұмыс орны білім беру саласында тіркелді – 61 мың. Бұл жаңа оқу жылы қарсаңында мамандарға деген сұраныстың артқанын көрсетеді.

Сонымен қатар бос жұмыс орындары қызмет көрсету, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі, ауыл, орман және балық шаруашылығы, құрылыс салаларында да көп болды.

Өңірлер бойынша ең көп бос жұмыс орны Астана мен Алматыда жарияланған – әр қалада шамамен 10 мыңнан.

Тамыздағы бос жұмыс орындарының 46,6%-ы жоғары білікті мамандарға, 33,1%-ы орта білікті мамандарға, 20,3%-ы төмен білікті жұмысшыларға арналған.

Ал жұмыс іздеушілер орналастырған түйіндемелердің 46,5%-ы жоғары білікті, 35,5%-ы орта білікті, 18%-ы төмен білікті мамандарға тиесілі.

Жұмыс іздеушілердің арасында 35 жасқа дейінгі азаматтар басым. 35–44 жастағылардың үлесі – 25,8%, 45–54 жастағылар – 14,6%, ал 55 жастан асқандар – 6,7%.

Түйіндемелердің 60,6%-ын әйелдер, 39,4%-ын ерлер орналастырған.

Өткен айда Enbek.kz платформасында 1 млн теңгеден жоғары жалақы ұсынылған бос жұмыс орындары да болды.

Олардың қатарында тау-кен өндірісіндегі ауысым бастығының жалақысы шамамен 2,06 млн теңге, киберқауіпсіздік маманы  2 млн теңгеге, ал кеніш директорының жалақысы  1,63 млн теңгеге жуық болды. Ал жалақы бойынша ең жоғары талаптар әкімшілік бөлім басшыларында шамамен 2,02 млн теңге, жаңа өнімдерді әзірлеу жобаларының жетекшілерінде 1,84 млн теңге, сату жөніндегі шеберлерде 1,75 млн теңге деңгейінде тіркелді.

Жалпы, Электрондық еңбек биржасындағы деректер еліміздегі жұмыс күшіне деген сұраныстың салалар, мамандықтар мен өңірлер бойынша кең екенін көрсетеді.

Цифрлық платформа жұмыс берушілерге бос жұмыс орындарын жедел жариялауға, ал азаматтарға өз білімі мен тәжірибесіне сәйкес жұмыс табуға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Денис Тен мемориалы: Алматыда мәнерлеп сырғанаудан халықаралық турнир өтеді

Толық көрсету