Елімізде 700 мыңға жуық адам тұрақты құмар ойынын ойнайды

Дәрігер Нәби Болатұлының сөзінше, лудомания - әуестік емес, медициналық тұрғыда мойындалған психикалық ауру

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде 700 мыңға жуық адам тұрақты түрде құмар ойынын ойнайды. Қаржы министрлігінің мәліметінше, соңғы бір жылда қазақстандықтар 1,6 триллион теңгеге бәс тіккен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Атын атамауды өтінген алматылық тұрғын осыдан 3 жыл бұрын онлайн ойын ойнай бастаған. Бастапқыда аз сомамен бәс тіккен. Алғашқы ірі ұтысынан кейін бойын азарт билеп, салатын қаржысы да өсе беріпті. Тіпті жақындарынан қарыз алған. Салдарынан, қазір 5 миллионнан аса берешегі бар екен.

«Бастапқыда 500-1000 теңге салып ойнап жүрдім. Бір кезде өте қомақты қаржы ұттым. Сол кезде маған жұмыс істемей-ақ көп ақша таба аламын деген ой келді. Сүйтіп-сүйтіп несие, қарыз ала бердім. Минусқа әбден кірдім. Бәс тікпей тұра алмадым. Сол сәттегі жағдайымды сөзбен айтып жеткізу қиын. Жақындарым дер кезінде тоқтатып, маман көмегіне жүгініп, енді тұрақталып келемін», – деді қала тұрғыны.

Дәрігер Нәби Болатұлының сөзінше, лудомания әуестік емес, медициналық тұрғыда мойындалған психикалық ауруға жатады. Бұл кезде адам өзін-өзі тоқтата алмайды. Тіпті айналасындағыларды ұмытады.

Айта кету керек, алғашында онлайн ойын ойнау хобби сияқты көрінуі мүмкін. Алайда адам ұтысқа кенеліп, жеңе бастаған кезде ми қуаныш гормондарын бөледі, тәуелділік күшейіп, адам өзін тоқтата алмай қалады.

 «2025 жыл бойынша 71 адам біздің стационарлық емдеуден өткен. Егер 2024 жылмен салыстырғанда олардың саны 57 болды. Сонда өсімін көріп отырмыз. Бірақ  бұндай сан тікелей лудомания зардабының тікелей көрсеткіші болып табылмайды. Неге, себебі, көп адамдар өзін ауру деп  санамайды және психиатрдың көмегіне жүгінбейді», – деді ҚР ДСМ Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының орынбасары Нәби Есімов.

Айта кетейік, жалпы еліміздің әр өңірінде лудоманияға шалдыққандарды емдейтін орталықтар бар. Алайда қазақстандықтар бұл дерттен арылуға асықпайды. Өйткені, медициналық есепке ала ма деп қорқады. Сондықтан ойынқұмарлықтан емделуге келген науқас тек консультациялық бақылауға алынады.

Диана Тұрлыбек, Алишер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Орындалмаған уәде: жаңа жыл түні үйі өртенген тұрғындар әлі қонақ үйді паналап жүр

Новости партнеров