Орындалмаған уәде: жаңа жыл түні үйі өртенген тұрғындар әлі қонақ үйді паналап жүр

Әкімдік өкілдері 20 күнде жөндеу жұмыстарын толық аяқтайтынын айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таразда жаңа жыл түні өртенген үйдің тұрғындары бір ай өтсе де пәтеріне қайта қоныстана алмай отыр. Тұрғындар бүлінген техникаға да өтемақы төленбеді деп наразы, деп хабарлайды Almaty.tv. тілшісі.

Жаңа жыл түні Қарасу шағынауданындағы тұрғын үйдің шатыры өртеніп, 43 пәтер зақымданған. 36 отбасы әкімдік есебінен қонақ үйге орналасқанымен, кейбір тұрғындар туыстарын жағалып әлі жүр. Қаңтарда қоныстандырамыз деген жергілікті билік енді жөндеу ақпан ортасында аяқталады деп мәлімдеген. Алайда жаңа жабылған шатырдың өзінен су сорғалап тұр.

«Қашанғы жүреміз?  Шатыр неге уақытысында жабылмады? Дәл менің үйімнің тқбесінен су ағып тұр ғой», – деді қала тұрғыны Жанар Ескермесова

«Стенадан тоқ ұрып жатыр, адамға қарай! Жарық жанбайды. Одан бері қанша уақыт өтті. Кіреберісте ғана жарық бар. Қабырғадан су аққанда кабель бүлінген», – деді қала тұрғыны Айнұр Биболова.

Тұрғындар жаңа жарық желісі жүргізілмегенін айтып отыр. Жауаптылар бүлінген есік-терезенің ескісін қайта орнатпақ. Ішкі қыру-сылақ жұмысы да енді ғана басталыпты. Ал зақым келген 43 пәтерді жаңғыртуға 60 млн теңге бөлінгенін айтып отыр. Шатырды қайта жабуға 93 млн теңге жұмсалған. Күн райының қолайсыздығына байланысты шатырдан су өткенін мойындап отыр. Жөндеу жұмыстарының да кешеуілдегенін жоққа шығармайды. Әкімдік өкілдері 20 күнде жөндеу жұмыстарын толық аяқтайтынын айтты.

 «Едені, қабырғасы, есігі бар. Толығымен мердігердің есебінен алынды. Кей жұмыстарды мердігер өз есебінен бітіріп беретін болады», – деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков

 Ал пәтерлерде өрттен бүлінген тұрмыстық техникаға өтемақы қарастырылмаған. Әкімдіктің айтуынша, бұл шығын қалпына келтіру жоспарына енгізілмеген. Ал жөндеу толық аяқталғанға дейін зардап шеккен отбасылар қонақ үйде тұрады. Оның шығынын жергілікті билік мойнына алған.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан

Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында 600-ден аса лифтінің пайдалану мерзімі өтіп кеткен

Новости партнеров