Статистика деректеріне сәйкес, 2 қыркүйекте ел бойынша картоптың орташа бағасы келісіне 194 теңге болды
Қазақстан өңірлерінде картоп жинау науқаны қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге 907 мың тонна өнім жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, өңірлерге қарай алқаптардағы баға келісіне 90-нан 120 теңгеге дейін өзгеріп отыр. Биыл ұйымдасқан шаруашылықтарда картоп егістігінің көлемі 11 мың гектарға ұлғайып, жалпы өнім көлемін 2,7 млн тоннаға жеткізу жоспарланған. Бұл ішкі нарықтың жылдық қажеттілігінен (шамамен 2 млн тонна) айтарлықтай жоғары.
"Болжам бойынша өнім мол болады. Мұндай көлемде ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге еш қауіп жоқ. Сондықтан 28 шілдеде картоп экспортына қойылған барлық шектеулер алынды", — деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.
Бөлшек саудадағы орташа баға да төмендеп жатыр. Статистика деректеріне сәйкес, 2 қыркүйекте ел бойынша картоптың орташа бағасы келісіне 194 теңге болды. Бұл көрсеткіш бір апта бұрынғыдан 3,9 %-ға төмен.
Экспорт бағытында да оң динамика байқалады. Тамыз айында фитосанитарлық сертификаттарды рәсімдеуде туындаған техникалық мәселелер шешімін тапты. 4 қыркүйектегі жағдай бойынша Өзбекстанға жөнелтілген 8,7 мың тонна картопқа құжаттар рәсімделді.
"Биылғы экспорттық әлеует 450 мың тонна және оның ішкі нарыққа еш әсері болмайды", — деп түйіндеді Ербол Тасжүреков.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар Айдың ең ұзақ тұтылуын бақылауда