Елімізде алғаш рет эпидемиологтар конгресі өтті
Саланың алдағы даму бағыттарын айқындайтын арнайы Резолюция қабылданды
Елімізде алғаш рет эпидемиологтар конгресі өтті. Алматыда ұйымдастырылған маңызды басқосуға республиканың түкпір-түкпірінен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет басшылары мен мамандары, сала ардагерлері, ғылыми-зерттеу институттарының, халықаралық ұйымдар мен шетел өкілдерін қоса алғанда 700-ге жуық адам қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Іс-шарада әуелі халықаралық ынтымақтастыққа мән берілді. Жиынға қатысушылар инфекциялық аурулардың алдын-алу, заманауи ем тәсілдерін енгізу сынды маңызды мәселелерді шешу барысында күш біріктіріп, өзара іс-қимылды нығайту қажет екенін атап өтті.
«Бұл конгрес маңызы зор. Саланың нағыз мамандары, қаймақтары жиналған. Шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып, кәсіби біліктілікті арттыру қажет. Дегемен коронавирус кезінде біз атқарған жұмыс үлкен рөл атқарды. Сала мамандарын «халықтың биологиялық қорғаушысы» деп атауға толық негіз бар», – деді М. Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ҰҒО бас директоры Зәуреш Жұмаділова.
Сондай-ақ басқосуда зертханалық инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру, эпидемиологиялық мониторингті жетілдіру, кадрлық әлеует және биологиялық қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Ал жиын нәтижесі бойынша аталған саланың алдағы даму бағыттарын айқындайтын арнайы Резолюция қабылданды. Одан бөлек, конгресс аясында кәсібилігі мен адал еңбегі үшін сала мамандары марапатталып, алғыс хат табысталды.
«Бүгінде жастардың қатарында білікті, болашағынан үміт күттіретін мамандар көп. Сондықтан сала ардагерлерінің жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен білімін жас мамандарға, студенттерге жеткізу – маңызды. Олар жоғары оқу орнын тәмамдап, дәрігер-эпидемиолог, гигиенист ретінде қызметке келгенде, өздерін қандай жұмыс күтіп тұрғанын жақсы түсінуі керек. Сол себепті кездесулер арқылы кәсіби тәжірибені ғана емес, қызметіміздің тарихы мен дәстүрін де кейінгі буынға аманат еткіміз келеді», – деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова.
Оқи отырыңыз: Алматылық дәрігерлер 33 жастағы пациенттің көзін сақтап қалды