Елімізде автожолдардағы су тасқыны қаупі бар учаскелер саны қысқарды

«ҚазАвтоЖол» мамандары күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, арнайы техникалар мен бригадаларды сақадай сай етіп отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда республикалық маңызы бар жолдардағы су тасқыны қаупі бар аймақтар саны айтарлықтай азайды, - деп хабарлайды Almaty.tv.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, мұндай проблемалық учаскелер бұрын 284 болса, қазір 184-ке дейін қысқарған. Дегенмен, көктемгі су тасқыны кезеңінің маңыздылығын ескере отырып, барлық тиісті қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне ауысты. Қазіргі таңда апаттың алдын алу шараларына 988 бірлік арнайы техника тартылып, жедел әрекет ету бригадалары жасақталды. Мамандар кез келген күрделі жағдайда оқиға орнына жедел шығуға дайын екендіктерін мәлімдеді.

«Сонымен қатар су жайылу жағдайлары 174-тен 2 жағдайға дейін төмендеді. Бұл қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетеді. Су өткізу инфрақұрылымын дамыту да маңызды нәтиже берді. 2025 жылы барлығы 582 су өткізу құбыры орнатылды. Оның ішінде 162-сі қайта жаңарту жобалары аясында, 54-і күрделі жөндеу кезінде, ал 366-сы орташа жөндеу барысында жүзеге асырылды», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.

Бұл жұмыстар жол желілерінің өткізу қабілетін арттырып, көктемгі тасқын кезінде көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Алдағы уақытта да инфрақұрылымды жаңарту және су басу қаупі бар нүктелерді жою бойынша жүйелі шаралар жалғаса бермек.

Оқи отырыңыз: Алматыны газға көшіру: газ турбиналары мен генераторлар орнатылуда

Новости партнеров