Елімізде балалар арасында қант диабеті көбейіп барады - мамандар себебін айтты
Елімізде аталған диагноз анықталған 7 мыңға жуық бала дәрігерлердің бақылауында
Елімізде қант диабетіне шалдыққан балалардың саны артып келеді. Олардың үлесі жыл сайын шамамен 10 пайызға өсіп, мамандарды алаңдатып отыр. Дәрігерлердің айтуынша, балалар арасында диабеттің бірінші түрімен қатар, артық салмақ пен қимыл-қозғалыстың аздығына байланысты екінші типі де жиілей түскен, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Балалар арасындағы қант диабеті еліміздегі алаңдатарлық мәселелердің біріне айналды. Қазір елімізде аталған диагноз анықталған 7 мыңға жуық бала дәрігерлердің бақылауында. Бұл мәселенің өзектілігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Тамыз конференциясында көтерді. Президент балалардың денсаулығына кері әсер ететін факторлардың бірі ретінде фастфудтың агрессивті жарнамасына назар аударып, мұқият зерделеуді тапсырған еді.
«Тез ішіп-желінетін тағам зиянды әдет қалыптастырады, денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсіреді, еліміздің еңбек күші әлеуетіне теріс әсер етеді. Дәрігерлердің бақылауында қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бала бар. Олардың саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Дәрігерлердің айтуынша, балалардағы қант диабетінің 90 пайызы – 1-типті диабет. Ал 2-типі дұрыс тамақтанбау мен артық салмақтан болады. Мамандардың айтуынша, 10 жыл бұрын балалар арасында мүлдем кездеспейтін 2-типті диабет бүгінде тіпті 6 жастағы балаларда да анықталып жатыр.
«Президенттің осы мәселеге назар аударуы да өте маңызды. Себебі соңғы 10 жылда балалар арасындағы семіздік жағдайының айтарлықтай өскенін байқап отырмыз. Қазір кішкентай балалардың өзінде 2-типті диабетті кездестіріп жүрміз. Біздің ең кішкентай пациентіміз – 6 жастағы бала. Бала салмақ қоса бастайды, кейін одан әрі салмақ қосады. Соның нәтижесінде ағза өзінің инсулиніне сезімталдығын жоғалтады. Содан кейін ем ретінде дәрі қолдануға тура келеді. Ал 2-типті диабетті емдеуге арналған дәрілердің көпшілігі 12 жастан бастап қана қолдануға рұқсат етілген», – деді ҚР ДСМ бас штаттан тыс балалар эндокринологы Гүлмира Абдуахасова.
Осы ретте, қала тұрғындарының бұл мәселеге қатысты пікірін де білдік.
«Әрине. Картоп қытырлағын жейді. Коладан болуы мүмкін деп ойлаймын. Өз басым балаларыма ондай нәрсе бермеймін», – деді қала тұрғыны Замира Тұрсынмұратова.
«Меніңше, балалар тәттіні өте көп жейді. Құрамында тыйым салынған бояғыштар, түрлі қоспалар бар. Меніңше, жастар арасында дұрыс тамақтануға көшіп, денсаулығын қадағалайтындар көп. Ал балалар, әрине, не болса соны жейді. Қазір дүкен сөрелерінде түрлі-түсті, көздің жауын алатын жарнамалар өте көп», – деді қала тұрғыны Айнагүл Қайыржанова.
Баланың денсаулығы – ұлт болашағының негізі. Сондықтан дәрігерлер ата-аналарға бала денсаулығына мән беріп, артық салмағына дер кезінде назар аударуға кеңес береді. Бұл диабет секілді ауыр созылмалы аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Астанада тағы да құрылыс краны құлады