Елімізде ең төменгі зейнетақы мөлшері 10 пайыз ұлғаяды

1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері - 35 596 теңге

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа жылдан бастап елімізде ең төменгі зейнетақы мөлшері 10 пайызға ұлғаяды. Сонымен қатар ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 мың теңгеге көтеріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда келер жылдан бастап зейнетақы көбейеді. Республикалық бюджетке сәйкес, бұл көрсеткіш 10 пайызға өседі. Сонымен бірге базалық зейнетақыны арттыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл көрсеткіш 2023 жылдан бастап кезең-кезеңімен өсіп келеді. Нәтижесінде бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал ең жоғарысы 120 пайызына дейін жеткізіледі. Алдағы өзгерістерге сәйкес, 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге болады. Ал ең жоғары мөлшері де ұлғайып, 60 005 теңгеге дейін жетеді. Бұл қадамдар зейнеткерлер мен жәрдемақы алушылардың тұрмысын жеңілдетуге бағытталған.

«Республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақылармен мемлекеттік базалық зейнетақының мөлшерін белгілеу үшін елімізде АЕК және  ЕТКД қолданылады. АЕК пен ЕТКД Ұлттық банкпен белгіленетін инфляцияның болжамдық деңгейін ескере отырып, жыл сайын белгіленеді. Аталған заңға сәйкес 2026 жылдың қаңтарынан жасына байланысты зейнетақы 10 пайызға арттырылады», – деді Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының бас сарапшысы Гүлбақыт Манабаева.

Сарапшылардың пікірінше, жалақы мен әлеуметтік төлемдерді индексациялау - инфляция деңгейін тежеу үшін маңызды қадам. Алайда экономистер бұл шараның пайдасы қарапайым халықтан гөрі жоғары лауазымды қызмет атқаратын азаматтарға көбірек тиіп отырғанын айтады. Сондықтан олар зейнетақы өсімін белгілі бір шекке дейін ғана индексациялауды ұсынады.

«Егер де бюджет ұйымдарынан қаржыландыратындарды мемлекеттік қаржыдан қаржыландыратындардың жалақысын жаңағы әлеуметтік төлемдерді, пенсияларды индексацияламасақ олардың сатып алу қабілеті 10-12 пайызға азаяды. Осыны азғантай да болсын жабу үшін әр жылы жаңағы зейнетақыны 10 пайызға көтеріп жатырмыз. Олардың сатып алу қабілетін ұстап тұр», – деді экономист Сапарбай Жобаев.

 Елорда тұрғындарының өзгеріске қатысты пікірі әртүрлі. Кейбірі өсім көлемін аз деп санаса, енді бір бөлігіжаңалықты қуанышпен қабылдады.

«Шынын айтсақ, жетпейді. Бірақ шамалы болса да қосып жатыр. Анам алатын затын жоспарлап қойды», – деді қала тұрғыны.

«Әрине қуаныштымыз! Рақмет, Үкіметке, бәрі де жақсы», – деді қала тұрғыны.

Айта кетейік, зейнетақымен қатар мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері де ұлғаяды. Атап айтқанда, бала тууына байланысты төлемдер, мүгедектік бойынша, сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайына берілетін жәрдемақылардың көлемі артады.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Тұрғын үйдегі түйткіл: 1500-ден аса алматылық көлік қоятын жер таппай жүр

Новости партнеров