Құрылтайдағы 145 депутаттық мандатқа жеті саяси партиядан 545 кандидат үміткер болып отыр
Елімізде Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны жүріп жатыр. Саяси партиялар өңір-өңірді аралап, көпшілікті алдағы жұмыс жоспарларын таныстыруда, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Қарағанды облысына барып, өңірдегі еңбек ұжымдары және жастармен кездесті. Партия төрағасы Айбек Дәдебай бастаған топ алдымен Евней Бөкетов атындағы Ұлттық зерттеу университетінде профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен ашық пікір алмасты. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, негізгі басымдықтары мен жеті ұстанымы егжей-тегжейлі түсіндірілді. Үміткерлер білім беру сапасын арттыру, жастарды қолдау және әлеуметтік әділеттілік мәселелеріне тоқталды.
«Біздің мақсатымыз – халықты «Әділет» партиясының бағдарламасымен таныстыру болып табылады. Біздің ұстанып отырған 7 нақты ұстанымымыз бар, 10 бағытымыз бар. Осы жөнінде халықпен кездесіп азаматтарды егжей-тегжейлі таныстырумен айналысып жүрміз», – деді «Әділет» партиясынан депутаттыққа кандидат Үнзила Шапақ.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының кандидаттары да еліміздің бірнеше өңірінде тұрғындармен кездесу өткізді. Партия өкілдері Астанадағы №4 қалалық емхананың ұжымымен жүздесіп, денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медициналық қызметтің сапасын арттыру және сала мамандарының еңбек жағдайын жақсарту мәселелерін талқылады. Мұнымен қоса, Абай облысының Бесқарағай ауданында жастармен ашық диалог ұйымдастырды. Кездесуде білім алу, жұмыспен қамту, бос уақытты тиімді пайдалану және жас мамандарды әлеуметтік қолдау мәселелері сөз болды. Партия өкілдері жастардың бастамаларын қолдаудың маңызын атап өтті.
«Жастардың мәселесін назар аудармасақ, еліміздің болашағын қалыптастыру мүмкін емес. Өйткені жастар – мемлекетіміздің ертеңі. Оларды ең алдымен білім алу, гранттардың қолжетімділігі және оқу аяқталғаннан кейінгі жұмысқа орналасу мүмкіндігі алаңдатады», – деді Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы Рүстем Сарманов.
Ал «Байтақ» партиясының мүшелері Алматыдағы «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұжымымен кездесті. Жүздесу барысында халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру және азаматтарды қолдау тетіктерін күшейту мәселелері талқыланды. Сондай ақ денсаулық сақтау мен экология мәселелері де кеңінен қозғалды. Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер сайлауалды үгітпен ғана шектелмей, халықпен тұрақты кері байланыс орнатуға және қоғамдағы өзекті мәселелерді жан-жақты зерделеуге мүмкіндік береді.
«Біз партияның құндылықтары, бағдарламасы және платформасы туралы айтып, тұрғындардың пікірін тыңдадық. Кездесуде халықтың ұсыныстары мен ой-пікірлеріне куә болдық. Жасы үлкен азаматтарды алаңдататын негізгі мәселелердің бірі – денсаулық. Әрине, экология мәселесі де көпшілікті толғандырады. Бұл – баршаға түсінікті әрі маңызды тақырыптар. Кездесу өте мазмұнды өтті», – деді «Байтақ» партиясының мүшесі Алма Қараш.
Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Көкшетау тұрғындарымен ашық форматта кездесті. Басқосуда ерекше білімді қажет ететін балалардың білім алуы мен оларды әлеуметтік қолдау мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру және интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытындағы ұсыныстар қаралды. Қатысушылар ерекше қажеттілігі бар балалардың 18 жастан кейінгі өміріне қатысты әлеуметтік қолдау тетіктері жөнінде пікір алмасты.
«Дөңгелек үстелге қатысушылар тарапынан ерекше қажеттіліктері бар балалар бойынша көп сұрақ қойылды. Яғни, олардың қолайлы білім алуларына, 18-ге толғасын не істей алады деген сауалдар көтерілді. Бұдан бөлек интернет-алаяқтық мәселесі талқыға түсті. Әсіресе, егде жастаға адамның цифрлық сауаттылығын көтеруге қатысты ұсыныстар айтылды», – деді Қазақстан халық партиясынан қр құрылтайының депутаттығына кандидат Виктор Поднебесный.
Ал «Ауыл» партиясының мүшелері Қостанай облысындағы «Қазпошта» ұжымымен және Мәскеу мен Александров ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Басқосуда ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамыту, кадр тапшылығы және жастарды ауылға тарту мәселелері көтерілді. Мұнымен қоса, әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі рөлін арттыруға арналған дөңгелек үстел өткізіп, әйелдерді қолдау, отбасы институтын нығайту және ауыл әйелдерінің әлеуметтік мәселелерін шешу жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
«Бүгінгі жиында ауыл әйелдеріне, ауыл қыз-келіншектеріне қалай көмектесеміз деген сұрақ. Оның ішінде мына ауылдан шыққан қыздарымызға магистратураны төлемақысыз оқыту, тегін оқыту, әлі де шешілмеген әйел ауылдарының зейнетке шығу уақытын азайту», – деді «Ауыл» партиясы атынан құрылтай депутаттығына кандидат Қарақат Әбден.
«Ақ жол» демократиялық партиясының да сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда. Кандидаттар Ақтөбедегі шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесіп, кәсіпкерлікті дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Жүздесуде кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетіктері, қаржыландыру мүмкіндіктерін жетілдіру, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және отандық бизнестің әлеуетін арттыру мәселелері сөз болды.
«Кездесуде шағын және орта бизнесті қандай мәселелер толғандырып тұрғанын талқылап. Өз жұмысымызда пайдалану. Себебі ол ең біріншіден. жұмыс орындары. Екіншіден, ол бюджетке түсетін салық. Ал бюджетке салық түссе, ол халықтың әл-ауқатын жақсартады. Сонымен қатар шағын және орта бизнес дамыса, біздің экономикамыз дамиды», – деді «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева
«Respublica» партиясының өкілдері де еліміздің бірнеше өңірінде еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен кездесті. Алматы облысының Талғар ауданындағы Белбұлақ ауылында медицина қызметкерлерімен өткен ашық диалогта партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті қолдау, еңбек адамының мәртебесін арттыру және өңірлерді дамыту бағытындағы бастамалар талқыланды. Ал Павлодарда партия өкілдері Еуразиялық энергетикалық корпорация қызметкерлерімен кездесіп, салық саясаты, кадр тапшылығы, жалақы, еңбек қауіпсіздігі және моноқалаларды дамыту мәселелерін талқылады.
«Біздің негізгі бағытымыз орта және шағын бизнес өкілдерінің құқықтары, себебі неге әрқайсымыз ұрпағымыз, балаларымыз барлығы мемлекетіміздің бай болғанын қалаймыз, қуатты болғанын қалаймыз. Сол себепті осы бағытта даму үшін көптеген заңнамалық өзгерістер керек болады», – деді «Respublica» партиясы Павлодар филиалының төрағасы Маханбет Амангелді
Айта кетейік, Құрылтайдағы 145 депутаттық мандатқа жеті саяси партиядан 545 кандидат үміткер болып отыр. Партиялар мен кандидаттар бірқатар кездесу мен таныстыру шараларын өткізуді жалғастыра бермек.
Диана Тұрлыбек
Оқи отырыңыз: Ұлттық тәрбие – ұлт түбірі: рухани мұрадан алыстап бара жатқан ұрпаққа кім жауапты