Елімізде Құрылтай сайлауының үгіт-насихат науқаны басталды. Бүгін бірқатар саяси партия республикалық және өңірлік сайлауалды штабын ашып, алдағы жұмыс жоспарларын таныстырды. Осылайша кандидаттар халықпен кездесулер өткізіп, бағдарламаларын насихаттауға кірісті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алғашқылардың бірі болып «Әділет» партиясы республикалық сайлауалды штабын іске қосты. Партияның мәліметінше, бүгіннен бастап 20 өңірлік, 226 аумақтық штаб пен шамамен 30 мың сенімді өкіл жұмысқа кірісті. Штаб Open Space қағидаты бойынша ұйымдастырылған. Ал ашылу рәсімін алғаш рет жасанды интеллект модераторы жүргізді. Партиялық тізімге заңгерлер, ғалымдар, цифрлық технология және өнеркәсіп саласының өкілдерін қоса алғанда 186 кандидат енгізілген
«Сайлау қарсаңында «Әділет» партиясы «Әділетті болашақ үшін» деп аталатын сайлауалды бағдарламасын жариялады. Бағдарлама – нақты іс пен жоспарға тиянақты әрі табанды шешімдерге негізделген кешенді құжат. Тәжірибе мен уақыт екшеуінен өткен азаматтарымыздың талғам таразысынан өткен шынайы құндылықтардың жиынтығы. Баршамыздың ендігі міндетіміз сайлауалды бағдарламаны халыққа жеткізіп, егжей-тегжейлі насихаттау және түсіндіру», – деді «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы да орталық сайлауалды штабын ашты. Жиында үгіт-насихат жұмыстарының жоспары таныстырылып, сайлаушылармен байланыс орнатуға арналған жаңа жобалар іске қосылды. Олардың қатарында ұсыныстары мен өтініштерін жинауға арналған арнайы пошта жәшігі мен әр ниет білдірушіге сөз сөйлеу мүмкіндігі берілген бейнебөлме бар. Сондай-ақ жиында «Прогреске апарар жолдағы 20 белес» атты сайлауалды бағдарлама таныстырылды. Партияның сайлау тізіміне барлығы 33 кандидат енгізілген.¤
«Отыз үш кандидат бар. Әр өңірдегі филиал төрағалары кандидат болып табылады. Осы штабпен басқару арқылы үгіт-насихаттары жұмыстарын жүргізіп отырады. Сондықтан қандай да сұрақтар болса, мәселе туындаса штаб арқылы келісіп, жауап аласыздар», – деді Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының президиум мүшесі Наурыз Сайлаубай.
«Байтақ» жасылдар партиясы да республикалық сайлауалды штабтың жұмысын бастады. Жиында өңірлік штабтардың қызметі үйлестіріліп, сайлауалды іс-шаралардың кестесі бекітілді. Құрылтай сайлауына партия 47 кандидат ұсынып отыр. Оның ішінде 18 кандидат әйел, жастар және мүгедектігі бар адамдар бар. Олардың үлесі 38,3%-ды құрап, заңда белгіленген квотаға сәйкес келеді.
«Он мыңға жуық кездесулер өткіземіз. Барлық желі графигін жинадық. Олар біріншіден заңға сәйкес өтуі керек. Құқықтық көмек керек болса, орталық штаб көмек көрсетеді», – деді «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев.
Қазақстан Халық партиясы сайлауалды үгіт-насихат науқанын елордадағы «Ғашықтар» саябағынан бастады. Іс-шара барысында партия өкілдері ақпараттық материалдар таратып, үгіт-насихат науқанының басталуын символикалық түрде атап өтті. Ресми ашылу салтанатында партияның әнұраны таныстырылды. Жалпы, тіркелген 72 кандидат қатарында өндіріс жұмыскерлері, академик, ғалымдар, еңбек сіңірген дәрігерлер мен ұстаздар, құрылысшылар, мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, бұрынғы әкімдер, вице-министрлер, депутаттар және кәсіпкерлер бар.
«Жаңа науқан басталды. Бұл – сайлау алдындағы компания. ҚХП республика бойынша 155 штабы бар. Партия атынан 72 үміткер нақты тіркелді», – деді Қазақстан халық партиясының мүшесі Эльмира Әуезова.
«Ауыл» партиясы да республикалық сайлауалды штабын ашты. Астанадағы жиынға кандидаттар мен өңірлік штаб өкілдері қатысты. Сонымен қатар Шымкентте және Түркістан, Қарағанды, Жетісу облыстарында брендтелген киіз үйлер тігіліп, тұрғындарға сайлауалды бағдарламамен танысуға толық мүмкіндік жасалды. Құрылтай сайлауына партиядан 69 кандидат ұсынылған. Олардың басым бөлігі – 35 пен 55 жас аралығындағы саясаткерлер мен ауыл шаруашылығы саласының мамандары.
«Сайлауалды бағдарламаны тіркедік. Бүгін жұмысымызды бастап жатырмыз. Жаңа бағдарлама 7 бағыт. Жиырма өңірді аралап шығамыз. Шалғай аудан, ш ауылдарға барамыз. Қазақстан бойынша барлық аймаққа барады», – деді «Аауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов.
Ал «Ақ жол» демократиялық партиясы сайлауалды науқанын Алматыдағы жастар форумынан бастады. Жиында партияның негізгі бағдарламалық бағыттары таныстырылып, жастардың ұсыныстары талқыланды. Форумға өңірлік филиалдар онлайн форматта қосылды. Партия өкілдерінің айтуынша, басымдық жастарды тұрғын үймен қамтуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға және әлеуметтік тұрғын үй мәселелерін шешуге беріледі.
«Форумдабағдарламамызды жариялаймыз. Сонымен қатар бірқатар үміткерлерімізді көрсететін боламыз. Жастардың атынан көптеген сұрақ қойылады. Сондықтан интерактивті түрде жастармен талқылаймыз», – деді «Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева.
Respublica партиясы да республикалық сайлауалды штабын ресми түрде ашты. Ашылу рәсіміне өңірлік штабтар онлайн форматта қатысты. Биыл партия Құрылтай сайлауына 75 кандидат ұсынып отыр. Олардың басым бөлігі – кәсіпкерлер. Сонымен қатар тізімде ғылым, мәдениет, спорт және қоғамдық сектор өкілдері бар. ¤
«Ұйымдастыру жағынан да, қолаушылар жағынан да көзқарасымыз, нақты жоспарларымыз, ойларымызды түйіндеп алдын ала дайындадық. 2-3 ай әріптестерімізбен отырып, өңірлерден түрлі ұсыныстарды жинап, бағдарламамызды қамтыдық», – деді «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров.
Айта кетейік, Құрылтайдағы 145 депутаттық мандатқа 7 саяси партиядан 545 кандидат үміткер болып отыр. Алдағы 29 күн ішінде партиялар мен кандидаттар сайлаушылармен бірқатар кездесу мен таныстыру шараларын өткізеді.
Диана Тұрлыбек
Оқи отырыңыз: Халық Құрылтайға кәсіби, білікті мамандардың келгенін қалайды - Ғалым Қалибекұлы