Елімізде корпоративтік табыс салығына қатысты өзгерістер күшіне енді

23.01.2026 20:19

Шегерімге жатпайтын шығыстарға қойылатын талаптар қатаңдады

Елімізде корпоративтік табыс салығына қатысты өзгерістер күшіне енді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Нақты айтар болсақ, олар салық мөлшерлемелерін, төлеушілер шеңберін, шегерімдер мен жеңілдіктерді, сондай-ақ төлеу тәртібін қамтиды. Жаңа салық кодексіндегі жаңашылдық туралы Мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық мониторинг басқармасының басшысы баяндады. Оның айтуынша, өзгерістердің бірі – корпоративтік табыс салығына сараланған мөлшерлемелердің енгізілуі.

«Жаңа салық кодексінде корпоративтік табыс салығы бойынша сараланған ставкілер яғни мөлшерлемелер енгізілген. Атап өтетін болсақ, негізгі салық мөлшері 20% деңгейінде сақталды, алайда қызмет түрлері үшін өзге пайыздық мөлшерлеме берілген. Қолайлылық үшін сондай-ақ кірістер мен  шегерім түрлерін нақтылау мақсатында корпоративтік табыс салығы бөлімінің құрылымы өзгерді. Бұл белгілі бір қызмет түрі мен шегерім түріне сәйкес тиісті нормаларды қолдануға мүмкіндік береді. Майнингті жүзеге асыратын тұлғалардың кірісі бойынша, цифрлық активтер бойынша, биржа ісінің кірісі бойынша жаңа кіріс түрлері айқындалды», – деді Мемлекеттік кірістер департаменті камералдық мониторинг басқармасының басшысы Дәурен Қаймұхаметов.

Сонымен қатар шегерімге жатпайтын шығыстарға қойылатын талаптар қатаңдады. Басқарма басшысы «бұдан былай жалған операциялар бойынша шығындар, декларация негізіндегі оңайлатылған салық режимін қолданатын тұлғалардан сатып алынған тауарлар, қызметтерге жұмсалған шығыстар есепке алынбайды» деді. Дегенмен корпоративтік салық жүйесіне байланысты арнайы бағыттарға сай кейбір жеңілдіктер өзгеріссіз қалған. 

«Сақталған негізгі жеңілдіктерге тоқтала кетсек, ол арнайы экономикалық аймақтар үшін, Astana Hub қатысушыларына, инвестициялық келісіммен айқындалған қызмет түрлері бойынша инвестициялық тұлғалар үшін , ұлттық фильмдердің құқық иегері болып табылатын салық төлеушілер кірістері бойынша жеңілдіктер сақталды», – деді Дәурен Қаймұхаметов.

Оқи отырыңыз: Тариф қымбат, жылу жоқ: Талғар ауданы тұрғындары аязда тоңып отыр