Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Республика бойынша қиярдың орташа бағасы килограмына 502 теңгені құрады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы 22 шілдедегі жағдай бойынша есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік тауарлары бағасының төмендеуі байқалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бағасы ең көп төмендеген өнім  қиярдың бағасы 4,3% арзандады. Сонымен қатар қырыққабат (1,5%), картоп (1,4%), қызанақ (0,8%), алма (0,7%), пияз (0,4%), сүзбе (0,3%), күріш, қарақұмық жармасы, қатты және жартылай қатты ірімшік, тұз (0,1%) бойынша бағалардың төмендеуі байқалды.

Есепті аптада бірінші сұрыпты бидай ұны, бірінші сұрыпты бидай ұнынан дайындалған нан, сүт (пастерленген, ультрапастерленген, 2,2%-дан 6% дейінгі майлылықтағы стерильденген сүт), қаймақ және сары май бағасы өзгеріссіз қалды.

Өңірлік бөліністе еліміздің бірқатар қалаларында дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға деңгейі бір апта ішінде Қонаев, Өскемен және Талдықорған қалаларында 0,4%, Ақтөбе қаласында 0,2%, Алматы, Ақтау, Атырау, Қостанай, Қызылорда, Орал және Түркістан қалаларында 0,1% төмендеді. Астана, Жезқазған, Қарағанды, Петропавл, Семей және Тараз қалаларында бағалар өткен апта деңгейінде сақталды.

Республика бойынша қиярдың орташа бағасы килограмына 502 теңгені құрады. Ең төмен баға Тараз қаласында тіркелді – килограмы 339 теңге.

Тазартылған күріштің орташа республикалық бағасы килограмына 533 теңге деңгейінде қалыптасты. Ең қолжетімді бағалар Қызылорда қаласында – 456 теңге және Ақтау қаласында – 472 теңге болды.

Еліміз бойынша картоптың орташа бағасы килограмына 283 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістан қаласында тіркелді – килограмы 218 теңге.

Республика бойынша I санаттағы 10 жұмыртқаның орташа бағасы 564 теңгені құрады. Ең төмен бағалар Қызылорда қаласында (464 теңге) және Орал қаласында (471 теңге) байқалды.

Ет өнімдері бойынша республикадағы орташа бағалар: сүйекті сиыр еті – килограмына 3 775 теңге, тауық еті – килограмына 1 758 теңге.

Оқи отырыңыз: Алматыда жыл басынан бері заңсыз салынған 41 нысан сүрілді