Елімізде соңғы бір жылы қалған 1700 сотталушыға рақым етілмек

Қазақстан түрмелерінде отырған 15 мың адам рақымшылыққа ілініп, оның 4 мыңнан астамына бостандық беріледі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан түрмелерінде отырған 15 мың адам рақымшылыққа ілініп, оның 4 мыңнан астамына бостандық беріледі. Нақтырақ айтқанда, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен шамамен 632 сотталушы, ал пробация қызметінің есебіндегі 3,5 мың азамат уақытынан бұрын босатылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көкше төрінде өткен құрылтайда Мемлекет басшысы темір тордың арғы жағында отырған, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдердің жағдайын назарға алуды айтқан. Осы орайда мәжілісмендер Ата заңның 30 жылдығына орай істі болғандарға рақымшылық жасауды қолға алып, тиісті құжатты қабылдады. Қазір ел бойынша 40 мыңнан астам адам түрмеде отыр. Олардың 33 мыңы сотталса, 7 мыңы тергеу үшін қамалған. Одан бөлек, 27 мың азамат пробация қызметінің есебінде тұр. Депутаттар бас-аяғы 15 мың адамға амнистия жасап, 4 мыңнан астам сотталушыны бостандыққа шығармақ.

«Бұған дейін еш жерде жарияланбаған тың мәлімет ретінде айта кетейін. Жұмыс тобының соңғы отырысында депутаттардың ұсынысымен рақымшылық актісін жүзеге асыру барысында қылмыстық жазасын өтеуге соңғы бір жыл қалған, оң мінезімен танылған 1700-ден астам сотталған азамат босап шығуы көзделген. Ол өзгеріс заң жобасының екінші және үшінші баптарында көрсетілген», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Абзал Құспан

Рақымшылық туралы заңның рақымын түрмеде отырған әлеуметтік жағынан осал 629 адам да көрмек. Олардың 57-сі бостандыққа шықса, 572 сотталушының мерзімі қысқартылады. Сондай-ақ 833 әйелге де кешірім жасалмақ. Оның 109-ы үйіне жіберілсе, 724 келіншек жазаны өтеу уақыты азайтылмақ. Түрмеде отырған 4 жасөспірім де амнистияға ілігеді.

«Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған сотталғандарды ұстау орындарында 75 бала жазасын өтеуде.  Алматы қаласындағы №11 мекемеде 70 ұл жазасын өтеп жатыр. Ал 5 қыз Алматы облысы Жауғашты кентіндегі мекемеде жазасын өтеуде. Осы аталған сотталғандардың ішінде 4 жасөспірім алдын ала есептеулер бойынша рақымшылыққа ілігеді, мерзімі қысқартылады», – деді ҚР ІІМ орынбасары Абай Қайырбеков.

Жаңа заңның шарапатын әйелін аяусыз ұрып өлтіріп, 24 жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы Экономика министрі Қуандық Бишімбаев көре алмайды. Өйткені құжатта адам өліміне әкеліп соққан істе рақымшылық актісі қолданылмайтыны жазылған. Одан бөлек, «бармақ басты, көз қысты» әрекеті үшін жаза арқалаған 624 жемқор да бұл тізімде жоқ. Ащы судан ауыз тиіп, көлік апатына түсіп, кісі өліміне себепші болғандарға да кешірім берілмейді. Сондай-ақ әр жерге есірткі жасырып пайда таппақ болғандар да амнистияға ілінбейді. Өйткені биыл Қылмыстық кодекске өзгертулер енгізіліп, олардың жазасы едәуір жеңілдеген. Өз кезегінде депутаттар да, Бас прокуратура өкілдері де ендігі жеңілдікті артық деп санапты.

«296-бапқа сәйкес, есірткін сақтау, өзі пайдалану үшін сотталғандар рақым етіледі. Ал  сатып жүргендерге 297-бап қолданады да, рақымшылыққа ілінбейді. Олар – өздері ғана емес, басқа адамдарға сатып, пайда тауып жүрген кісілер», – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шыңдалиев 

Тәуелсіз Қазақстан тарихында істі болған адамдарға қатысты осымен 10-рет рақымшылық жасалмақ. Абзал Құспан бұл санатқа 2022 жылы қаңтар оқиғасынан кейін жарияланған рақымшылық кірмейтінін айтты. Өйткені, ол – нақты оқиғаға байланысты жасалған кешірім. Ал бұл жолғы рақымшылықтың ерекшелігі  адам санының көптігінде. Мәселен 2006 жылы 5579 адам амнистияға ілінсе, 2012 жылы 3702, 2016 жылы 5010, 2021 жылы 2470 сотталушыға кешірім берілген. Биыл 15 мың адам. Өз кезегінде депутаттар амнистия жасау арқылы жылына шамамен 5 миллиард теңге үнемделеді деп отыр.

Айта кетейік, рақымшылыққа ілігіп, бостандыққа шыққандардың ішінде қайта қылмыс жасағандар жоқ. Сондықтан олардан келер қауіп аз көрінеді.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Шерзат ісіне қастысты сотталған Думан Ысқақ рақымшылыққа ілінуі мүмкін

Новости партнеров