Елімізде суды көп қажет ететін дақылдар көлемі қысқартылады

Премьер былтыр мәселе болған қант қызылшасын өсіріп отырған диқандардың жағдайына алаңдаушылық білдірді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үкімет енді суды көп қажет ететін дақылдар көлемін қысқартады. Оның орнына табыс әкелетін, экспортқа шығаратын өсімдіктерді өсірмек. Премьер-министрге есеп берген Ауыл шаруашылығы министрі егіс алқаптарын әртараптандыру бағдарламасы жалғаса беретінін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үкіметте әдеттегідей белгілі бір саланың жетістіктері ғана баяндалды. Бұл жолғы баяндамашы – Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров. Ол сөзінің әлқиссасын 27 миллион тонна астық қамбаға құйылғанын сүйіншілеп бастады. Айтуынша, оның ішінде 20,3 миллион тонна бидай болса, қалғандары арпа, бұршақ пен майлы дақылдар, картоп, көкөніс, мақта екен. Министрлік биылғы өнімнен 2,2 миллион тонна астық экспорттап үлгерген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21 пайыз көп.

«Биыл қазақстандық астық Бельгия, Португалия, Польша, Норвегия, Ұлыбритания, Вьетнам, Біріккен Араб Әмірліктері және Солтүстік Африка оның ішінде  Марокко, Алжир, Египет елдеріне жеткізілді. Ал Иран, Әзербайжан, Армения және Грузия бағыттарына экспорт қайта жанданды. Бұл жерде өте төмен түсіп кеткен. Қайта орнына келді», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Өз кезегінде Премьер былтыр мәселе болған қант қызылшасын өсіріп отырған диқандардың жағдайына алаңдаушылық білдірді. Алайда Айдарбек Сапаров Үкімет басшысын биыл ондай проблема болмайды деп сендірді. Өйткені, министрлік 25 мың гектар алқапты 19 мыңға дейін қысқартқан.

«Былтыр 1 миллион 300 мың тонна өнім алсақ, биыл болжам бойынша 850 мың тонна қант қызылшасы жиналады. Бүгінгі күні 43 пайызы жиналды. Оның 363 мың тонна 277-сі зауыттарға өткізілді. Үш зауыттар қабылдап жатыр. Биыл Меркіге 300 мың тонна, Ақсуға 300 мың тонна, 250 мың тонна  өнім Көксуға өткізуді жоспарлап отырмыз. Қажет көмекті жергілікті әкімшілік жасап жатыр», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Ауыл шаруашылығы министрі мен өңір әкімдерін тыңдаған Үкімет басшысы жаңа шетелдік нарықтарға да астық экспорттау керек екенін жеткізді. Бұл ретте терең өңделген өнімдерге баса мән беріп, ірі жобалардың санын көбейту қажет. Оларға инвестициялар тарту ісі күн тәртібінен түспеуі тиіс.

 «Дәстүрлі астық экспортынан жоғары қосылған құны бар терең өңделген өнімдерді шығаруға көшкен жөн. Жалпы азық-түлік тауарларының жеткілікті қорын қалыптастыру қажет. Өңір әкімдіктері тұрақтандыру қорларындағы жағдайға үнемі мониторинг жүргізіп, негізгі көкөніс өнімдерін қажетті көлемде жеткізу шарттарын уақытылы жасалуын қамтамасыз етсін», – деді  ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы қажырлы еңбегі үшін егіншілерге дән риза екенін жеткізді. Ендігі міндет диқандардың ала жаздай маңдай терімен, адал еңбегімен өсірген өнімін шірітіп алмай сақтап, тиімді бағамен сату қажет. Ол үшін астықты дер кезінде кептіріп, қамбаға құйып отыру керек. Ал оны қабылдайтын кәсіпорындар өнімді үздіксіз қабылдап, Көлік министрлігі дәнді дақыл тасымалы тоқтап қалмас үшін көліктердің кестеге сай жүруін қамтамасыз етуі тиіс.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Лизинг: елімізде 250 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын қаржыландырылды

Новости партнеров