Елімізде «Таза Қазақстан» аясында 1,3 млн тал егілді
Мемлекет басшысы экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің маңызын айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде еліміздің әрбір азаматы бүгін де, ертең де «Таза Қазақстанда» жайлы өмір сүруі керек екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы мұндай жайлы өмірдің өздігінен қалыптаспайтынын айтып, әр азаматтың саналы көзқарасы мен жауапкершілігі маңызды екенін атап өтті.
«Алайда осындай керемет өмір өзінен өзі аспаннан түспейді, бұл да – ең алдымен, әрбір азаматтың саналы көзқарасы, болмысы. Солай болса ғана, халқымыз бен жалпы еліміздің халықаралық беделі жоғары болады, инвестициялық тартымдылығы күшейе береді», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев тазалық ұғымына кең мағынада қарау қажеттігін айтты. Оның сөзінше, тазалықты ең алдымен әр адам өзінен бастауы керек.
«Ойы, ниеті таза адамның әрбір әрекеті түзу болады. Тазалықты ең алдымен өзімізден бастау маңызды», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан жастарын жүрегі таза, адал азаматтар деп санайтынын жеткізді.
«Мен Қазақстан жастарын, яғни сіздерді дәл сондай жүрегі таза, адал азаматтар деп есептеймін. Бұл сөздің мағынасын кең тұрғыдан алып қарасақ, тазалық ластықтың алдында ешқашан ұтылмайды, тазалық бәрін жеңеді. Бұл да – өмірдің өзі растаған мәңгі ақиқат дүние», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жобасының мақсаты елімізді көркейтіп, жұртты ортақ іске жұмылдыру арқылы ынтымақ-бірлікті күшейту екенін айтты.
«Бүгінде Қазақстанның әр аймағында ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Жыл басынан бері еліміз бойынша 600-ден астам түрлі экологиялық іс-шара өтті. Осы маңызды жұмысқа 7 миллион адам қатысты, 130 мыңнан астам гектар жер тазартылды. Елімізде 1,3 миллион тал егілді. Мұның бәрі аз шаруа емес, шын мәнінде көп жұмыс істеліп жатыр. Бұл – азаматтарымыздың Отанымызға деген таза ниеті, шынайы қамқорлығы және ең бастысы, еңбекқорлығы», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жұмыстарға белсене атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.
«Осы орайда, нақты іске белсене атсалысқан барлық азаматқа тағы да алғыс айтамын», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент «Таза Қазақстан» жобасына белсенді қатысқан азаматтарды мемлекет тарапынан марапаттау қажет екенін айтты.
«Осындай нағыз отаншыл, патриот азаматтарды мемлекетіміз марапаттауы керек. Алдымызда келе жатқан Тәуелсіздіктің мерейлі тойында бұл құрметті міндетті орындаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, «Таза Қазақстан» – жалпыұлттық сипатқа ие болған бастама, сонымен қатар, бұл – халқымыздың саналы таңдауы.
«Таза Қазақстанды» ұлт болмысына озық өзгерістер әкелген бірегей жоба деп атауға да болады. Осындай маңызды жұмыстың арқасында халқымыздың бойында мүлде жаңа қасиеттер мен құндылықтар пайда бола бастады.
Бірақ арқаны кеңге салып, мәз болып, босаңсуға болмайды. Біз өркениетті ел боламыз десек, тек алға қарай жүруіміз керек. Алдымызда тұрған биік және өзекті мақсаттар мен міндеттер аз емес, көп деп айтуға болады. Біз «Таза Қазақстан» қозғалысын жаңа сапалық деңгейге көтеруіміз керек.
Елімізде тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу қажет деп ойлаймын. Бұл – уақыт талабы», - деді Президент.
Оқи отырыңыз: Президент: Табиғатты аялау – ұлтымыздың болмысында бар асыл қасиет