Президент құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстайтынын айтты
Мемлекет басшысының айтуынша, құрылыстың сапасы өте жоғары болуы қажет.
«Бүгінде Қазақстан тарихи, тағдыршешті дәуірге қадам басты». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қоғамның барлық саласында ауқымды реформалар жасалды. Мемлекетіміздің саяси жүйесі түбегейлі жаңарып, жаңғыруда. Ел экономикасы да тың қарқынмен өсіп-өркендеуде. Қазақстанның әр аймағында әлеуметтік маңызы зор нысандар – мектептер, емханалар, мәдениет және спорт мекемелері бой көтеріп жатыр.
Ұлан-ғайыр жерімізде ондаған мың шақырым автокөлік жолы мен теміржол салынуда. Бұл жұмыс тоқтамайды, Қазақстан үлкен құрылыс алаңы, басқа сөзбен айтсақ, жасампаздық мекені болуы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, құрылыстың сапасы өте жоғары болуы қажет.
«Мен өз басым осы мәселеге баса назар аударып, бұл жұмысты қатаң бақылауда ұстаймын. Аталған нұсқау мен тиісті ережені бұзатын адамдар заңымыз бойынша міндетті түрде жазаға тартылады.
Біздің мақсатымыз – айқын. Біз халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әр азаматқа мейлінше қолайлы жағдай жасау үшін табанды еңбек етуіміз керек. Осы тұрғыдан алғанда, Астана – Қазақстанның айнасы, бетке ұстар басты қаласы екені сөзсіз.
Қазір елордамызды жаңашыл, жасампаз азаматтардың құтты мекені деп айтсақ, қате болмайды. Астанамыздың көркі артып келе жатыр. Бұл да – қала әкімі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек пен оның көмекшілерінің табанды жұмысы мен қажырлы еңбегінің нәтижесі», - деді Президент.
Мемлекет басшысы осы тұста Астана қаласының Урбанистика орталығы ерекше рөл атқарып отырғанын айтты.
«Бұл – қала тұрғындарына қолайлы орта құру үшін нақты ұсыныстар әзірлейтін, қаланың келбетін жақсартуға арналған ұтымды шешімдер мен жобалар дайындайтын маңызды құрылым. Ең бастысы, осы мекеме жұмыс барысында азаматтардың негізді ой-пікірін, талап-тілектерін, олардың өтініштері мен жағдайларын да ескереді. Сондықтан аталған орталықтың тәжірибесін басқа аймақтарға да кеңінен тарату, дәріптеу керек. Осы бағыттағы жұмысты өңірлердің әкімдері барынша белсенді түрде жүргізуі қажет.
Жалпы, ел азаматтары да, елімізге келген шетел азаматтары да қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті сақтап, заң талаптарына құрметпен қарауға тиіс. Сонда ғана «Таза Қазақстан» құндылықтары ұлт болмысының мызғымас қасиетіне, ажырамас бөлігіне айналады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Елімізде «Таза Қазақстан» аясында 1,3 млн тал егілді