Елімізде жұқпалы аурулардың 21 түріне қарсы вакцина қолданылады
Елімізде соңғы жылдары вакцинадан бас тартқандар саны 5 есеге артқан. Ресми мәліметтерге көз жүгіртсек, 2017 жылы бұл көрсеткіш 5 мыңнан сәл асса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша екпе салдырудан үзілді-кесілді бас тартқандар саны 25 мыңға жетіпті. Мамандар мұндай үрдіс ел ішінде ұжымдық иммунитеттің әлсіреп, жұқпалы аурулардың жаппай өршуіне тікелей әсер етуі мүмкін деп дабыл қағып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Түркістандық Аружан Болатқызы ес білгелі екпе салдырмаған. Тіпті маусымдық тұмауға қарсы вакцинаны да алмапты. Бойжеткеннің пайымдауынша, оның өз иммунитеті кез келген вирусқа қарсы тұруға қауқарлы екен.
«Екпені өмірімде салдырып көрмедім. Осыған дейін де, бұдан кейін де салдыруға міндетті немесе қажетті деп санамаймын. Вакцина маған қажет емес сияқты. Өйткені иммунитетім барлығын көтере алатын сияқты сезіледі», – деді қала тұрғыны Аружан Болатқызы
Мамандардың айтуынша, вакцинадан бас тартушылардың көбі 2 жасқа дейінгі баласы бар тұрғындар. Көпшілік екпе баланың дамуына кері әсер етеді деп қауіптенеді. Алайда көпбалалы ана Ақнұр Асанқызы бұл пікірмен келіспейді. Ол балаларына уақытылы вакцина салдырғандықтан, жұқпалы ауруларға шалдықпаған немесе жеңіл өткенін айтады.
«Үшеуінің де екпесін уақытылы алып отырамыз. Қазір қызым 2 жасқа толды. Сары ауруға қарсы вакцинаны салдыруға келдік. Аймақтық мейірбикелеріміз хабарласып шақырады. Сол уақытта келіп, бірінші қараламыз. Қарсы көрсеткіш жоқ десе салдырамыз», – деді ¤қала тұрғыны Ақнұр Асанқызы.
Елімізде жұқпалы аурулардың 21 түріне қарсы вакцина қолданылады. Дегенмен вакцинадан бас тартушылар саны жыл сайын көбейіп барады. Денсаулық сақтау министрлігі мұны көбіне жалған ақпарат пен қоғамдағы қате түсініктердің әсерімен байланыстырады.
«Вакцинадан бас тартудың бірден-бір себебі – ата-аналардың жеке нанымы. Яғни вакцинадан одан кейінгі әсерінен қорқуы мүмкін. Сондай ақ вакцинаның қауіпсіздігіне сенібейді. Діни сенімге байланысты ата-аналар бас тартып жатады. Әлеуметтік желідегі жалған ақпараттар да соған әсер етеді», – деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының бас сарапшысы Мадина Орысбаева.
Осыған байланысты мамандар халыққа дұрыс ақпарат жеткізу жұмыстарын күшейткен. Ол үшін вакцинаға қатысты кең тараған сауалдар мен күмәнді пікірлерге жауап беретін «egu.kz» платформасы іске қосылған.
Нұркен Әкімхан, Түркістаннан
Оқи отырыңыз: Қазақстаннан заңсыз жанар-жағармай тасымалдаған қылмыстық топтар әшкереленді