Биыл 13 мың шақырымға жуық жолды жөндеу жоспарда бар
Елімізде жол-құрылыс материалдарының бірегей базасы жасалып, оған 222 карьер мен 408 асфальтбетон зауытының деректері енгізілген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал зертханалық сынақтан өтіп қойған 79 жаңа жабдық нақты учаскелерде тексеріледі. Бұл туралы Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты қызметкерлері айтты. Биыл 13 мың шақырымға жуық жолды жөндеу жоспарда бар. Заманауи технологияларды енгізу ісі де мықтап қолған алынған.
«Институт ғалымдары екі жылдан бері «QSmart» деп аталатын автомобиль жолдарын салуға, жөндеуге және күтіп ұстауға арналған заманауи технология мен материалдар желісін әзірлеп жатыр. Оның оннан астам өнімі бар. Биыл «QSmart-AntiGlaze» желісінің көктайғаққа қарсы реагенттерін, топырақты нығайтуға арналған қоспаны, битум модификаторын, асфальтбетон қоспаларын және шаң басатын материалдарды сынақтан өткіземіз», – деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Ерік Әмірбаев.
Ал «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша жеке бакалавр бағдарламасы қайтадан қолжетімді болады. Бұл жол саласында кадр тапшылығын азайтуға ықпал етпек. Сондай-ақ мамандар туралы ақпарат жинақталған арнайы цифрлық база – «Jolshy» жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе арқылы кез келген ұйым немесе жоба жетекшісі қажет мамандық иелерін оңай таба алады.
«Биыл 800 қосымша мемлекеттік білім беру гранты бөлінеді. Бүгінгі таңда көлік саласында шамамен 34 мың студент білім алуда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға артық. Бұл көрсеткіш жастардың логистика, мобильділік салаларымен байланысты мамандықтарға деген қызығушылығының артып келе жатқанын байқатады», – деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Ерік Әмірбаев.
Оқи отырыңыз: Шерзаттың жүрегі жолда тоқтағаннын білдім: Қаржаубай Нұрымов ұлының көлікте жан тапсырғанын айтты