Түзетулер болашақ жүргізушілерді даярлау сапасын бақылауды күшейтеді
Мәжіліс Парламент депутаттары бастамашы болған цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Түзетулер болашақ жүргізушілерді даярлау сапасын бақылауды күшейтеді.
Оқу автодромы ұғымы енгізіледі, оқу ұйымдарының тізілімі жасалады, автомектептердің филиалдарына қойылатын талаптар нақтыланып, профилактикалық бақылау тетіктері енгізіледі.
Сондай-ақ елдімекендерде автокөлікті оталдырып, қыздырып қоюға қатысты тыйым жойылады, шектеу тұрғын үй аймақтарында ғана сақталады.
Бұдан бөлек, электромобильдер үшін арнайы мемлекеттік нөмірлер енгізу, электровелосипедтерді тіркеу, жол қозғалысы қағидаларының қолданысын тұрғын үй кешендерінің паркингтеріне тарату және жол сапасына цифрлық мониторинг жүргізу қарастырылған.
Сонымен қатар, заң ұшқышсыз аэротакси, жүргізушісіз автомобильдерді және автоматтандырылған теміржол көлігін пайдаланудың құқықтық негізін жасайды.
Озық және қалалық әуе ұтқырлығы, вертипорт, қалалық әуе ұтқырлығы аймағы, ұшқышсыз әуе қозғалысына қызмет көрсету ұғымдары енгізіледі.
Сондай-ақ авиациялық техниканы пайдаланушылар, әзірлеушілер мен өндірушілер үшін жаңа сертификаттар беру көзделеді. Бұл eVTOL (тік ұшып-қонатын электрлі ұшақтар), аэротакси және басқа да жоғары автоматтандырылған әуе кемелерін қауіпсіз пайдалану үшін қажет.
Оқи отырыңыз: Тәуелсіздік сарайында Владимир Путинді ресми қарсы алу рәсімі өтті