Елімізде жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемнің мерзімі қысқарады
Оның көлемі азаматтың бұған дейінгі орташа табысының 45 пайызынан аспайды
Елімізде қазаннан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемнің мерзімі қысқарады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыда әлеуметтік қолдаудың ауқымы кеңейіп келеді. Қазір шаһарда тұрғындарға көмектің 19 түрі қарастырылған. Оның аясында түрлі төлемдермен қатар, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың күнделікті тіршілігін жеңілдетуге бағытталған қызметтер де көрсетіледі. Мәселен биылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша Алматының Еңбек мобильділігі орталығына 57 мыңнан астам адам жүгінген. Соның 10 мыңға жуығы тұрақты жұмысқа орналасқан. Яғни мұнда көмек уақытша демеумен шектелмей, жұмыс іздеген азаматтың еңбек нарығынан өз орнын табуына бағытталып отыр.
«Жұмысқа жарамды әр топтарға арнайы бағдарламалар бар. Мысалы жастарға арналған «жастар практикасы» бағдарламасы бар. Одан кейін жаңағы біліктілік талап етпейтін, біліктілігі жоқ мамандарға немесе жаңағы қысқа мерзімді жұмыс бойынша көп балалы аналарға арналған қоғамдық жұмыстар бар. Одан кейін жалпы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы жұмыс орындары бар», – деді Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Әділет Жаңабаев.
Мегаполисте сондай-ақ қаржылық қиындыққа тап болған жанұяларға атаулы әлеуметтік көмек арқылы қолдау көрсетіледі. Мәселен жыл басынан бері бұл мүмкіндікке 1 мың 648 отбасы немесе 8 251 адам ие болған. Мамандардың айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен болған жағдайда тағайындалады.
«Шартсыз және шартты көмек түрі бар. Егер жұмысқа жарамды отбасы мүшесі болмаса, шартсыз көмек тағайындалады. Бала күтімімен отырған аналарға және денсаулығына байланысты жұмыс жасай алмайтын азаматтарға арналған. Шартты әлеуметтік көмек дегеніміз отбасында жұмысқа жарамды отбасы мүшелері бар ақшалай көмек көрсетілген», – деді Еңбек мобильділігі орталығы әлеуметтік жұмыс бөлімінің басшысы Гүлзира Қазыбаева.
Айта кетейік, қазан айынан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға тағайындалатын әлеуметтік төлемнің мерзімі қысқарады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, енді табысынан қол үзіп, уақытша жұмыссыз қалған азаматтарға берілетін қолдау ең көбі 3 аймен шектелмек. Ал төлем мөлшері бұған дейінгі орташа табыстың 45 пайызынан аспайды. Яғни еңбек нарығынан уақытша шет қалған азаматқа мемлекет белгілі бір кезеңде қаржылай демеу көрсетіп, жаңа жұмыс табуына мүмкіндік беруді көздеп отыр.
Мәди Мәлік. Хангелді Ахметханов
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың 8,5 пайызында кездесетін мигреньнен қалай қорғануға болады