Жылыту маусымы басталғалы бері 2 мыңнан астам өрт дерегі тіркелген

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Дегенмен қаза тапқандар саны 9%-ға азайған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда жылыту маусымы кезінде жүргізіліп жатқан кешенді профилактикалық шаралардың нәтижесінде өрт саны айтарлықтай төмендеді. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Асқар Төлешов Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлімдеді.

Министрлік негізгі күшті тұрғын үйлердегі өрттің алдын алуға, адам өлімі мен жарақат алу фактілерін азайтуға бағыттаған. Республика бойынша рейдтер ұйымдастырылып, үйлерді аралау, тұрғындармен түсіндіру жұмыстары, нұсқаулықтар, интерактивті іс-шаралар және атаулы көмек көрсету тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Жылыту маусымы басталғалы бері:

  • 1,3 млн-нан астам тұрғын үй араланып, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді;
  • пештер мен электр желілерінің жай-күйі тексеріліп, кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар берілді;
  • 110 мыңнан астам үй өртке қарсы қауіпсіз жағдайға келтірілді;
  • әлеуметтік осал топтардың үйлеріне ерекше назар аударылып,
  • әкімдіктер мен еріктілердің көмегімен 2,5 мыңнан астам үйде пештер жөнделді;
  • 40 мыңнан астам өрт датчигі орнатылды.

(Бұрынғы маусымдарда осы датчиктер шамамен 280 адамның өмірін сақтап қалған.)

Статистика да профилактиканың тиімділігін көрсетті:

  • қазіргі жылыту маусымында 2195 өрт тіркелген, бұл өткен маусыммен салыстырғанда 8%-ға аз;
  • қаза тапқандар саны 9%-ға,
  • жарақат алғандар саны 7%-ға төмендеген.

Төтенше жағдайлар министрлігі профилактикалық жұмыстарды маусым бойы жалғастыратынын мәлімдеп, азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, өз өмірі мен мүлкінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне 5 мыңға жуық кәсіпорын тіркелген

Новости партнеров