Мәжілісмендер тұрғын үйді басқару жүйесін жақсартатын заң жобасын да қарады
Еліміздегі көпқабатты үйлерді басқару жүйесі ауқымды реформаға ұшырауы мүмкін. Пәтер иелері кооперативтері енді жеке басқару формасы болмайды. Олар бірнеше үйді біріктіретін шаруашылық құрылымға айналады. Бүгін мәжілісте тұрғын үйлерді басқару жүйесін жақсартатын заң жобасы қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Депутаттар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тағы өзгерістер енгізбек. Бүгін Мәжілістің қарауына жаңа заң жобасы түсті. Бұған дейін «медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейткен» деп МӘМС-ті сынаған мәжілісмен Асхат Аймағамбетов аталған құжаттың басы-қасында өзі болмақ. Оның айтуынша, заң негізгі үш бағыттан тұрады. Біріншісі, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлем пакеті 2027 жылға қара екі есеге қысқарып, 57 пайыздан 32-ге төмендейді. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі пакетін 68 пайызға дейін ұлғайтуды көздеп отыр.
«Екіншіден, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер тарапынан МӘМС жарналары үшін төленетін табыстың жоғарғы шегін 10 еселенген ең төменгі жалақыдан 50-ге дейін арттыру. Үшінші, жергілікті бюджет қаражаты есебінен жұмыссыздар мен әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыстық деңгейлерге жататын азаматтар үшін МӘМС-ке жарналар төлеу мәселесі қаралып жатыр, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.
Мәжілісмендер тұрғын үйді басқару жүйесін жақсартатын заң жобасын да қарады. Құжатта пәтер иелері кооперативтерінің құқықтары, міндеттері және оларға қойылатын талаптар жазылған. Енді пәтер иелері кооперативі көппәтерлі тұрғын үйлерге қызмет көрсетпес бұрын бірауыздан тұрғындардың келісімін алуы керек. Сондай-ақ олар қайта тіркеуден өтіп, жаңа жарғы алып, коммерциялық емес ұйым аясында жұмыс істеуге міндеттеледі. Заң жобасынан «жай серіктестік» ұғымы алынып тасталған.
«Сондай-ақ меншік иелерінің бірлестіктері ортақ мүлікті басқару және күтіп-ұстау құқығын иеленеді. Яғни енді меншік иелерінің бірлестіктерінің жұмысшыларды алуға мүмкіндігі болады. Сантехник, электрик, басқа да жұмысшы алып, көппәтерлі үйлерге қызмет көрсету үшін басқарушы компанияларға жүгінбей-ақ, қажетті жұмысты өздері істей алады, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов.
Мәжіліске министрлер кабинетінің өкілдерін ертіп Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев та келді. Ол депутаттардың өңірге сапары аясында халықтың көтерген сауалдары бойынша іске асырылған шаруаларды баяндап, сандар келтірді. Оның айтуынша, азаматтардың 46 пайызы әлеуметтік мәселелерді айтса, 31 проценті ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика, өнеркәсіп салаларына тоқталған.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: "Үнемі ұрып келген": Алматы облысында ата-ана қызының өлімі үшін күйеу баласынан күдіктенеді