Әуежай – адам көп болатын стратегиялық нысан
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Алматы әуежайында 7 наурызда болған оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Сол кезде Алматы әуежайында жолаушы қызметкердің шашынан тартып, көпшілік алдында пышақ кезенген еді.
С. Әділовтың айтуынша, әуежай – адам көп болатын стратегиялық нысан. Бұл тұрғыда полиция алгоритм бойынша жұмыс істеді.
"Қазіргі кезде ауқымды тексеру жүріп жатыр. Қылмыстық істі тергеу және қызметтік тексеру нәтижелері бойынша әуежайдың барлық қызметтеріне, соның ішінде авиациялық қауіпсіздік қызметіне құқықтық баға беріліп, тәртіптік және басқа да заңды жауапкершілікке тартылады", - деді министрдің орынбасары.
Бұл ретте ол қазір аталған оқиға бойынша үш қылмыстық іс тіркелгенін еске салды.
Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Күдікті адам қамауда отыр.
"Атап айтқанда, Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың тапсырмасымен елдегі әуежайлар мен вокзалдардағы қауіпсіздік жүйесі тексеріліп жатыр. Сонымен қатар, бұл бағытта нормативтік-құқықтық салада түзетулерді қабылдау керек деп санаймыз. Осы ретте өткір заттарды анықтайтын жабдықтарды нысанның кіреберісіне орналастыру ескерілген", - деді С. Әділов.
Оқи отырыңыз: Жетісуда департамент басшысы электр қуаты тарифін көтеру үшін пара алған