Еліміздің 5 өңірінде су тасқыны болуы мүмкін: жедел штаб жұмысын бастады

13.03.2026 21:00

Төтеншеліктер тұрғындардың дауылды ескертуге жеткілікті мән бермейтінін атап өтті

Еліміздің 5 өңірінде су тасқыны болуы мүмкін. Қазір Абай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары қауіпті аймақтардың қатарына енгізген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Төтеншеліктердің айтуынша, наурыз айының соңынан сәуір айына дейін ең қауіпті кезең. Осыған байланысты тәулік бойы жұмыс істейтін жедел штаб өз жұмысын бастады. Мамандар алдын алу шаралары уақытылы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. 

«Республика бойынша су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар жазғы және күзгі маусымнан бастап қолға алынған. Бүгінде ел бойынша 800 шақырымнан астам қорғаныс бөгеттері салынды. Сондай-ақ өзен жағалауларын бекіту жұмыстары да жалғасып жатыр. Алдағы күндері ауа райы жылынады деп күтілуде. Осыған байланысты су тасқынының алдын алу үшін күш пен құралдар саны көбейтіледі», – деді ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің басқарма бастығы Айдос Әлиев.

Сондай-ақ төтеншеліктер тұрғындардың дауылды ескертуге жеткілікті мән бермейтінін атап өтті. Өткен 3 тәуліктің ішінде боран салдарынан қар құрсауында қалған 1000-нан астам адам эвакуацияланған. Олардың ішінде 57 бала бар. Сондай-ақ 300 автокөлік шығарып алынған. Жауаптылар қауіпсіздікті барынша сақтауға шақырады.

«Айта кететін жайт, қарапайым ережелерге, дауылды ескертулерге сән берген жөн. Жолға шығар алдында көліктің дайындығын және де қосымша жылы киім алыңыз. Ауа райын, жолдың жағдайын 1403 нөміріне, «Қазавтожол» колл-центріне  хабарласып білуге болады», – деді ҚР ТЖМ төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары Жәнібек Кәрімбаев.

Оқи отырыңыз: ІІМ заңсыз қару-жарақты тәркілеу жұмыстарын жалғастырып жатыр