Елімізге популистер емес, түрлі саланың майталмандары қажет - Президент

24.09.2026 13:07
Ақорда

Реформалар самарқаулықты көтермейді. Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

"Азаматтардың мемлекеттік басқару үдерісіне тікелей қатысу тетіктерін құру — елді жаңғыртудың бір жолы. Дәл осы себепті Қазақстан Халық Кеңесі құрамының үштен бірі қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен жасақталды. Бұл — трансформацияның жаңа кезеңі. Сол себепті жүріп өткен жолымызды объективті түрде талдап, келешектегі күрделі сын-қатерлерді шешудің жаңа тәсілдерін әзірлеуді талап етеді", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пайымынша, елімізге популистер немесе мансапқорлар емес, кәсіби ортада мойындалған көшбасшылар мен түрлі саланың майталмандары, нағыз патриоттар қажет.

"Көп жұмыс атқарылды. Мұны мойындау керек. «Үшінші сектор» тың серпін алып, қоғамдық бақылау тетіктері қалыптасты және кері байланыс жолға қойылды. Алайда реформалар самарқаулықты көтермейді. Біз мұны жақында өткен жағдайдан сабақ алып, көкейімізге мықтап түйдік. Өзгерістер кезеңіндегі қысқа мерзімді кідірістің өзі тұрақтылықтың шырқын бұзып, ауыр салдарға ұрындыруы ықтимал", — деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Президент: Елді көркейту – ұлттық намысқа қатысты маңызды міндет


 

Толық көрсету