Президент тазалыққа, тәртіпке және табиғатты аялауға айрықша мән беретінін атап өтті
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Заң және Тәртіп» қағидаты егіз ұғым. Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Жалпы, тазалық пен тәртіпті сақтау мәселесі әрдайым басты назарда болуы керек. Онсыз ешқандай даму да, өркендеу де болмайтыны айдан анық. Біз «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы арқылы тұтас ұлтымыздың болмысын өзгертіп жатырмыз. Табиғатқа немқұрайлы қарауға, бейқам болуға, бұл мәселеде ешқандай қатігездікке жол беруге болмайды. Адам мен табиғат — егіз. Біз қоршаған ортаға қамқор болуымыз керек. Тағы да атап өткім келеді: қалалардың сәулеті мен көркінен халқымыздың мәдениеті, бойындағы қадір-қасиеті және құндылықтары көрініс табады", — деді Президент.
Мемлекет басшысы еліміздің таза, тартымды болғаны ең алдымен азаматтарымыздың көңіл-күйіне, әлеуметтік жағдайына әсер ететінін баса айтты.
"Сондай-ақ, бұл — экономикалық өсімге ықпал ететін маңызды фактор. Сондықтан, елімізді жаппай көгалдандыру, тазалықты сақтау, заң мен тәртіпті бұзбау — мемлекеттік маңызы бар міндеттер. Біз бір күннің қамы үшін емес, болашақ ұрпақтың жарқын болашағы үшін осы жұмыспен белсенді түрде айналысуымыз керек", — Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тазалыққа, тәртіпке және табиғатты аялауға айрықша мән беретінін атап өтті.
"Қайткен күнде де бұл істе кідіруге, босаңсуға болмайды. Жекелеген тұлғалар, тіпті, тұтас халықтар өзін-өзі тәрбиелей алмағанын тарих дәлелдеді. Мұндай міндетті отбасы мен мектеп, қоғам мен мемлекет, ең алдымен, мәдени-рухани құндылықтарды дәріптеу арқылы орындай алады. Біз қалалар мен тұтас еліміздің келбетін ғана емес, одан да маңыздысы, ұлтымыздың менталитетін өзгертіп жатырмыз. Немқұрайлық пен салғырттықтан, тіпті өшпенділіктен біртіндеп арылып, тазалыққа, жауапкершілікке, табиғатты аялауға бой үйрете бастадық. Бұл азаматтардың, оның ішінде бірнеше буын өкілдерінің көңіл-күйіне жағымды әсерін тигізіп, қоғамдағы ахуалдың жақсаруына ықпал етеді, түптеп келгенде экономикалық өсімді жеделдететін факторға айналады", — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстанның» қуаты — қоғамды жылдар бойы жалғасатын жағымды әрі жасампаз күн тәртібінің төңірегіне топтастырып жатқанын айтты.
"Маңайы тап-таза болып, жарқырап тұрса, адам да соған сай әдеп сақтауға тырысады. Лас әрі қараусыз жерде енжарлық басып, құқықтық нигилизм белең алады. Бұл құбылыс әлемдік урбанистикада «сынған терезе салдары» деген атаумен белгілі. Сондықтан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Заң және Тәртіп» қағидаты егіз ұғым десек болады. Берекесіздік пен тәртіпсіздік белең алған жағдайда заңның сақталуын талап ету мүмкін емес", — деді Президент.
Оқи отырыңыз: Президент: Елді көркейту – ұлттық намысқа қатысты маңызды міндет