Елордада заңсыз ет өндіру цехының қызметі тоқтатылды

Үш тоннадан астам сапасыз ет айналымнан алынды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада шіріген етті саудаға шығарып келгендер ұсталды. Олар бұл әрекетті жеке тұрғын үйде ұйымдастырған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Тексеру барысында сапасы белгісіз үш тоннадан астам ет анықталды. Өнім санитариялық талаптарға сай сақталмаған. Яғни, температуралық режим болмағандықтан, өнімнің бір бөлігі бұзылып, жағымсыз иіс шыққан.

Тіпті етті шыбындар қаптап, тағам ретінде пайдалануға жарамсыз екені анықталған. Соған қарамастан, бұл өнімдер қаланың жеке дүкендері мен дәмханаларына жөнелтіліп отырған.

Полиция цехтың ешқандай рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істегенін мәлімдеді.

Демек, адам денсаулығына қауіпті өнімдер кез келген сәтте елорда тұрғындарының дастарханына түсуі мүмкін болған.

Құзырлы органның хабарлауынша, қауіпті өнімдер тұрғындардың дастарханына жетпей тоқтатылды.

«Денсаулыққа қауіпті өнімдердің саудаға шығарылуына жол берілген жоқ. Заңсыз цех иелері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Полиция заңсыз азық-түлік өндірісі азаматтардың денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін ескертеді. Осындай заңбұзушылықтардың барлығы қатаң түрде тоқтатылып, кінәлі тұлғалар заң аясында жауап береді», – деді ПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Бақдәулет Ахметов.

Оқи отырыңыз: Алматыда жазғы маусымда тағам қауіпсіздігі шаралары күшейтілді