Құрылтай сайлауына қатысатын екі партияның кандидаттары тіркелді

ОСК мәліметінше, барлық кандидат Конституциялық заңның талаптарына толық сәйкес келеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Құрылтай сайлауына қатысуға ниетті екі саяси партияның кандидаттары ресми тіркеуден өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бірінші болып Орталық сайлау комиссиясы Respublica партиясы ұсынған партиялық тізімді мақұлдап, 75 кандидатқа қатысу құқығын берді.

Кейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының партиялық тізімі де тіркеліп, ондағы 33 үміткерге тиісті куәліктер табысталды.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, тексеру қорытындысы бойынша партиялық тізімдерге енгізілген барлық кандидат Қазақстан Республикасы Конституциясының және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына толық сәйкес келеді.

«Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Құрылтай сайлауына ұсынылған партиялық тізімінің тіркелуіне байланысты партия басшылығын, мүшелерін және қатысып отырған өкілдерін құттықтай отырып, сәттілік тілейміз», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Оқи отырыңыз: Президент Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияда сөз сөйледі